«Кебенек» сериалын көргендеріңіз бар ма? Ауған соғысының алапат күндерін бастан кешкен азаматтардың өмірі жайлы ауыр фильм. Телехикая қазақ жігітінің Ауған соғысында көрген қиындықтарымен басталады. Жау тылын бақылауға шыққан жауынгерлер зұлмат жарылысқа ұшырайды. Айналасы астан-кестен болған ұрыста жас жігіт қатты жараланады. Шала-жансар жатқан оны құтқарушылар «тікұшаққа сыймайды» деп құжаттарын алып, өзін тастап кетеді. «Ойпырмай, жат жерде қалғаным ба?», – деп ойлап үлгергенше көкке көтерілген тікұшақ жарылып, көз алдында күл талқан болады.
Осылайша басталған фильм соңына дейін сұм соғысты көз алдыңа келтіреді. Қарап отырып терең ой түбіне кетесің, расында арамызда соғыс жарасынан айыға алмай жүрген қаншама жауынгер ардагерлеріміз бар?! Қаншамасының артында мыңдаған отбасының жағдайы, тағдыры жатыр. Бірі мүгедек болып оралса, бірі мүлде өзінің еліне оралмады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1979 жылдың 25 желтоқсаны мен 1989 жылдың 15 ақпаны аралығында болып өткен Ауған соғысына КСРО аумағынан 620 мыңнан астам жауынгер мен офицер қатысты. Осы соғыста Кеңес Одағынан 15 мың 51 адам оққа ұшып, 118 ұшақ, 800 танк және 11 мың 369 әртүрлі әскери техникалар жойылып кетті. Ал Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтардың саны – 22 мың 269 жауынгер. Соғыс даласында Қазақстан 924 боздағынан айрылды. Жар құшып, бала сүйіп үлгермеген 1015 жас елге мүгедек болып оралса, 21 солдат іс-түзсіз кетті.
Ең сорақысы, фильмнен көргеніміздей, соғыстан аман оралған күнде де оның зардабы елес сияқты соңыңнан қалмайтындығы, көз алдыңнан кетпей, тыныш ұйқыдан айрылып, түсіңе де еніп, шошып оянатындығы. Неткен қасірет десеңізші?! Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толды. Осы ретте Түркістан облысы Сауран аудандық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай мырзадан Ауған соғысының ардагері ретінде өзі білетін жәйттары жайлы айтып беруін сұраған едік.
«Иә, биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерін біржола тастап шыққанына 35 жыл толып отыр. Он жылға созылған ауған соғысы біздің өткен тарихымыз және оны біржолата естен шығару мүмкін емес. Өйткені, бұл жарияланбаған соғыс Қазақстан үшін орны толмас қайғы — қасірет әкелді. Оған қатысқан 22 мың отандасымыздың 761-і қаза тапты. 21 азамат хабар-ошарсыз жоғалғандардың тізімінде. Туған жерге оралғандардың үштен біріне жуығы мүгедек. Қазіргі таңда ауданымызда тұратын 66 ауған соғысының ардагерлері бар, оның 11 мүгедек қатарында.
1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. 1978 жылы мамыр айында Ауғанстанның жаңа өкіметі Кеңес Одағымен әскери келісім шартқа отырды. Алғашқы келісімде олардың саны 400 адам көлемінде болғанымен, кейіннен сансыз есе көбейді. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. Ауғанстан соғысы (1979 -1989 ж.) Кеңес үкіметінің Қарулы күштері үшін, соның ішінде қазақстандық жауынгерлер үшін КОКП ОК Саяси бюросының Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқты санаулы ғана мүшелерінің аяқ астынан құпия түрде қабылдаған шұғыл шешімінен басталды. Сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция (моджахедтер) арасында қарулы қақтығыстар басталған болатын. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. КСРО Саяси Бюросы КСРО-ның ықпалын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол үшін беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп, Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асырды. Осылайша Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықты.
1979 жылғы 25 желтоқсанда Мәскеу уақыты бойынша сағат 15.00-де КСРО Қорғаныс министрінің берген бұйрығымен Ауғанстанға қеңес әскерлерін енгізу басталды. Командирлер: «Бұл қысқа мерзімдік акция, тапсырманы орындаймыз да кетеміз», деді. Ал бірақ «акция» тоғыз жылдан астам уақытқа созылды.
110 айға созылған Ауған соғысында қайтып оралмаған жалпы адам шығыны — 14453-ке жетті. Бұл күн — сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Бұл күн — жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың перзенттерін жоқтаған күні! Бұл күн — бақи болған қаһарман бауырларымызды қатарымыздан іздеген күн. «Интернационализм» деген саясаттандырылған сөздің құрбандығына айналып, оған имандай сеніп, бүгінгі күні күл-талқан болған тағдырының өтеуі мен бодауын кімнен сұрарын білмей дал болған жандардың өзегіне өкінішін жасырған күн!
Арада 30 жылдан астам уақыт өтсе де ауған соғысы өзінің ізін әлі жасырып болған жоқ. Соғыстың небір ауыртпалығын көтеріп, қабырғалары қайысты. Бұл қанды іздің жасырылуы, ұмытылуы мүмкін де емес. Өйткені, ол адамзат тарихында өшпестей із қалдырды. Олардың дұшпан оғынан қаза тапқан майдандас достарын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, көздері жасқа, жүректері мұңға толған шақтары көп. Сонда да ата-баба рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралды. Майдан даласындағы жанқиярлық пен қаһармандығы үшін он мыңдаған қазақстандық орден-медальдармен марапатталды. Бүгін қазақстандық Отан қорғаушылар солардан үлгі алып, соларға қарап сап түзейді. Ауған соғысы ардагерлері екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің ізбасарлары, ауған соғысы адамзат тарихында қаралы жылдар болып қала береді.
«Ерлік — жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің арман қуған ең қызықты сәтін, жалындаған жастық шағын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман – есен оралып, туған елімен қайта қауышу бұйырған батыр ағаларымызбен кездесіп, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында олардың ерлігін паш ету біздің міндетіміз.
Ел тыныштығы, бейбіт өмір, халық бірлігі, ұлт тұтастығы үшін майданда қан төккен ардақты ардагерлеріміз қашанда құрметке лайықты, оларды қадірлеп, құрметтеу, есімін ұлықтау – біздің ұмытылмас борышымыз.

