Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген саяси реформалар — еліміздің демократиялық даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Әсіресе, бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама — мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған батыл әрі тарихи шешім болып отыр. Бұл тек саяси институттардың құрылымын өзгерту ғана емес, жалпы мемлекеттік басқару мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын маңызды кезең ретінде бағаланады.
«Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Бұл реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, сондай-ақ, әрине, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы қажет. Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», — деді Президент.
Бұл бастама еліміздің демократиялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауына айналуы мүмкін. Өйткені бір палаталы Парламент шешім қабылдау процесін жеңілдетіп, заң шығару жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар шығындарды оңтайландырып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырады. Мұндай өзгеріс халықтың сұраныстарына жылдам жауап беруге жағдай жасап, қоғам мен билік арасындағы сенімді күшейтеді.
Біз білім және ғылым саласының өкілдері ретінде, бұл өзгеріс елдегі саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Университет қауымдастығы үшін мұндай реформа жастардың саясатқа деген қызығушылығын арттырып, олардың қоғамдық істерге белсенді араласуына кең өріс ашады. Жастардың саяси процестерге тартылуы — елдің болашағы үшін аса маңызды. Олар жаңа идеяларымен, тың көзқарасымен қоғамға серпін беріп, мемлекеттік басқарудағы жаңашылдықтың қозғаушы күшіне айналады.
Парламенттің ықшамдалуы — оның тиімділігін арттырып қана қоймай, заң шығару сапасына да оң ықпал етеді. Себебі, талқылаулар нақтырақ, шешімдер жедел әрі халықтың мүддесіне жақын қабылданады. Бұл өз кезегінде азаматтардың саясатқа деген сенімін арттырады. Демократия — тек көппартиялы Парламенттің болуы емес, ең алдымен, халықтың еркін білдіретін және соған жауап бере алатын тиімді институттардың қалыптасуы.
Сонымен қатар, бұл реформалар еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына жол ашып, болашақ ұрпаққа тұрақты, әділетті және ашық мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға негіз болады. Мемлекеттік биліктің ашықтығы мен есептілігі артып, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл — шын мәнінде халық билігінің нығаюы.
Университет қауымдастығы ретінде біз бұл тарихи өзгерістерді қолдаймыз. Жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, қоғамдық талқылауларға қатысуға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Себебі бүгін қабылданатын шешімдер — ертеңгі ұрпақтың тағдырын айқындайды. Сондықтан бұл бастамаға әрбір азамат немқұрайлы қарамай, өз көзқарасын ашық білдіруі қажет.
Бір палаталы Парламентке көшу — уақыт талабынан туындап отырған батыл шешім. Ол мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіріп қана қоймай, халық пен билік арасындағы жаңа сенім көпірін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл қадам Қазақстанның демократиялық жолмен дамуына жаңа серпін беріп, болашақта еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайта түсетініне сенімдіміз.
Баршагүл Қашқынқызы,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ проректоры

