Түркістан қаласы – қазақ халқының рухани құндылықтары мен ел тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, қазақ халқының болмысын айшықтайтын, 1500 жылдан астам тарихы бар руханияттың ордасы. Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының бүгінде тарихи нысандары да жетерлік. Түркістан ежелгі тарихтан сыр шертеді. Бүгінде тарихи орындарды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Бұл бағытта «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да қазақ халқының рухани астанасы болған қаланың рухани құндылықтары мен ел тарихын дәріптеп келеді. Музейдің тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторы С.Салходжаев өткен кезеңдердегі маңызды деректермен бөлісті.
-Түркістан қаласы – Ясы деген атпен II-XIVғғ аралығында өмір сүрген бекіністік қалашықтың өмірінің жалғасы болып табылады. Жүздеген жылдар ағымында қала өркендеді, бет-бейнесі өзгерді. Бүгіндері XIV-XIX ғғ. аралығындағы Ескі Түркістан шаһарының орны 88.7 га аумақты алып жатыр. Шекарасы бойынша қала қорған қабырғалар және орлармен қоршалған. Қамал қабырғасының жалпы ұзындығы 3 км-ге жуық, оның 11 мұнарасы болған. 1875 жылғы Түркістан қаласының жоспарында 5 қақпаның топографиялық түсірілімі бар. Олар: Дарбаза, Мүсәллә, Тәкиә, Жеті ата және Иқан қақпа. Бұл Орталық Азияның орта ғасырдың соңындағы ірі қалаларының бірі. Ол дәстүрлі түрде төрт әкімшілік бөлікке бөлінген, оларды ақсақалдар басқарған. XIX ғ. 60 жылдары Түркістан қаласында 20 махалләлік мешіт, 2 медресе, 22 су диірмені, 15 шеберхана жұмыс істеген. 1864 жылы халық саны 5000-ға жуық болған. Қазіргі танда Көне Түркістан қаласының аумағында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рәбия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан кесенелері секілді бірқатар Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан.
Ал, Цитадель қамал қабырғасы республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан қаласының ежелгі тарихынан сыр шертетін тарихи орынды қала тұрғындары, алыс-жақын елдерден келген туристер жиі тамашалайды. Цитадель қамал қабырғасы (ХVІ-ХІХғғ.) – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс жақ бөлігін қоршай орналасқан фортификациялық құрылыс түріне жататын ескерткіш. ХVІІІғ. бас жағында жасалған Түркістан қаласының фортификациялық құрылысы жайлы алғашқы сызбада қала мұнарасы қорған қамалмен қоршалған. 1947 жылы А.Н.Бернштам жетекшілігіндегі экспедиция Түркістан қаласының цитаделі мен шахарістанының сақталынып қалған қамал қабырғаларының жоспарын түзеді. Цитаделдің фортификациялық құрылыстарына алғашқы археологиялық барлау жұмыстары 1973 жылы жүргізілген.
Қазба барысында ХІХ-ХХ, ХVІІ-ХVІІІ, ХІV-ХVІғғ. жататын қамал қабырғасының үш құрылыс горизонты аршылады. А.И.Добромысловтың мәліметіне сүйенсек цитаделді қоршаған қамал ХХ ғасырдың бас жағында қирай бастаған. 1978-1979жж. реставраторлар жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қорған қамалының солтүстік-шығыс бөлігі мен шығыс мұнарасы және солтүстік-шығыс қақпалары қайта қалпына келтірілген. Қамал қорғанның үстіңгі жағы тісті болып аяқталған. Мұнарасы дөңгелек пішіндес, бөрене төсемдерімен жабылған. ХІХ ғасырдың ІІ- жартысынан кейін қамал қабырғалары өзіндік қорғаныс белгілерін жоғалтып қираған. Кейіннен 1980 жылы қабырғалардың фрагменттері қайта қалпына келтіріледі.

