Біздің мемлекеттік егемендігімізге және аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз. Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды», — деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуыша, біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.
«Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз» деді Президент.
Иә, ал тұтастық, тыныштық шекарадан бастау алатыны белгілі.
1992 жылдың 18 тамызында тұңғыш президенттің Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылды. Осы күннен бастап қазақстандық шекара қызметінің төл тарихы бастау алды. Әрине, қазір сол бастау алған уақытқа байыптай көз жіберіп, саралай қарар болсақ, ол кездің де өзіндік бір уақытша қиыншылықтарының болғанын аңғарамыз. Мәселен, ол кезде көптеген білікті офицерлер өздерінің тарихи атамекендеріне қоныс аударып жатты. Соның салдарынан тәуелсіз еліміздің Шекара қызметіне білікті де сауатты мамандар даярлау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ф.Э.Дзержинский атындағы Шекарашылардың жоғары командалық училищесі Елбасының жарлығы негізінде еліміздің қарамағына өткеннен кейін, аталған мәселені шешу осы әскери оқу орнына жүктелді. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде осындай кем-кетіктердің орнын толтырып, шұғыл түрде шешкен соң келесі кезекте мемлекеттік шекара күзетін заң талаптары аясында жүзеге асыру міндеті тұрды. Соған орай республика Жоғарғы Кеңесі депутаттарының ұзақ талқылауынан кейін 1993 жылдың 13 қаңтарында “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы” және “Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы” маңызды заңдар дүниеге келді. Міне, содан бері аталған заңның аясында ҰҚК Шекара қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді. Кейіннен толықтырулар мен өзгертулер енгізілген “Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі туралы” заңының 1-бабында: “ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғауға, Қазақстан Республикасының егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қол сұғылмауына, қастандық жасалуының алдын алуға және жолын кесуге арналған”, – деп айқын жазылғандай, Мемлекеттік шекараның қастерлі ұғым екендігін, аумақтық тұтастыққа қол сұғылуға болмайтындығының халықаралық қағидатын ел тұрғындары толығымен түсініп, аталған заңның талаптары мүлтіксіз орындала бастады. Бұл құжаттардың ерекшелігі сонда, мемлекеттілігіміздің тарихында шекарамызды тұңғыш рет ресми түрде мойындап, оның күзетін құқықтық тұрғыда дербес қорғауға бағытталған алғашқы заң еді.
Сонау Кеңес Одағы кезіндегі қабылданған “Мемлекеттік шекара туралы” заңда посткеңестік елдердің шекара кеңістігін тұтас қамтыған жалпылама ортақ түсініктер бар болатын. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы деген ұғымның алғаш рет тайға таңба басқандай жазылуы осы заңның еншісіне тиді. Шекарашылар осы жылдар аралығында үлкен белестерді артқа тастады. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Қытай Халық Республикасымен арадағы шекараны ғана күзетіп келсек, енді тәуелсіз елдің шекарасы барлық ендіктері бойынша толық күзетіле бастады. Арғы-бергі тарихымызда тұңғыш рет шекарамызды толық белгілеп алдық. Мемлекеттік шекара саясаты жөнінде Президент Н.Назарбаев: “Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесін біржолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл – құрлықтағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті қастерлейміз және оны алдағы уақытта да еселей беретін боламыз” деп атап айтты. Елбасымыздың осы сөзінен-ақ, Мемлекеттік шекарамыздың мән-мағынасының ауқымдылығы мен халықаралық саясаттағы биік орнын межелеп бергендігін аңғарамыз. Биыл көршілес қырғыз еліндегі саяси толқуларға байланысты арадағы мемлекеттік шекара уақытша жабылды. Оған қоса шекарашылардың жұмысы да күшейе түсті. Мемлекеттік шекара қатаң күзетке алынып, төл міндеттер ойдағыдай атқарылу үшін қосымша қажетті адам ресурстары мен техникалық жарақтар тартылды. Мұндай шара отандастарымыздың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған болатын. Көрші елдегі жағдай тұрақтанғанша ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктермен, ІІМ әскерлері секілді күш-қуат құрылымдарымен ықпалдасып қызмет атқарды. Мемлекеттік шекара маңында аумақтық тұтастығымыз бен ел қауіпсіздігіне нұқсан келетіндей оқыс оқиға болған жоқ. Шекарашыларымыз бұл мерзімде де өздеріне сеніп тапсырылған міндеттің биік талабынан шыға білді. Қазіргі уақытта екі елдің арасындағы шекара ашылып, өткізу режімі қалыпқа келтірілді. Соңғы жылдары еліміздің шекара шебін бекіту жұмыстарын кең ауқымда жүргізу қолға алынды. Оның күзетін лайықты қамтамасыз ету мақсатында құрылған Шекара қызметінің күнделікті қызметі мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің оң шешілуіне жіті көңіл аударылуда. Оңтүстік өңірде қызмет атқаратын Шекара қызметі бөлімдерінің қызметін жетілдіру, оларға қажетті ғимараттардың құрылысын жүргізу, инженерлік қондырғалармен қамтамасыз ету, шекараны қырағы күзетуге қажетті басқа да күш-құрал, ресурстармен жасақтау жоғары деңгейде жүргізілуде.
Биыл Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің басшылығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері оңтүстіктегі шекара шебін бірнеше рет аралады. Шекараны бекітуге қажетті қаражат көлемін анықтап, атқарылар шараларды белгіледі. Нәтижесінде осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2010-2011 жылдарға 15 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, осы қаражаттар есебінен қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пункттерін жаңадан кеңейту жоспарлануда. Өйткені, өткізу пункттерінің шағындығына орай жазғы туристік маусым кезінде азаматтардың әрі-бері өтуі көптеген қиындықтар туындатып отыр. Қазірдің өзінде 8 бақылау-өткізу пункттері пайдалануға берілді. Тағы бір ерекше тоқталатын нәрсе, 2001 жылдан бастап еліміздің барлық шекарасындағы бақылау-өткізу орындарында бірыңғай ақпараттық жүйе орнатылды. Бұл жүйенің визалық құжаттарды ресімдеуге, шекарадан әрі-бері өткен азаматтардың арасында қылмысқа қатысы бар-жоқтарын анықтауда көп көмегі тиіп отыр. Кеден одағының жұмыс істей бастағанына да көп уақыт өткен жоқ. Осы құрылымның шеңберінде шекарашылардың қызметі де күшейе түсуде. Кеден одағы – бұл бұрынғы посткеңестік елдердің өзара ықпалдасуының бастауы. Соған орай шекара шебінде өзгерістер орын алды. Бірақ ол көбіне кедендік бөлімшелерге қатысты. 2001 жылдың 1 шілдесінен бастап шекарашылар Кеден одағының сыртқы шекараларын қадағалауға баса мән беруде. Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркіменстанмен арадағы шекара күзеті күшейтілді. Бұл дегеніңіз, алдыңғы шепте қызмет атқаратын шекара құрылымдарына қойылатын талап та, жауапкершілік те күшейді деген сөз.

