Бүгінде әлем жаһанданудың жаңа кезеңін бастан кешуде. Біз қазір адамзат тарихының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық, гуманитарлық тұрғыдан күрделі түйткілді кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Осындай кезеңде мемлекеттер, халықаралық ұйымдардың, діни қауымдастықтардың ізгілікке негізделген ортақ көзқарасты ұстанғаны абзал.
Бұл өз кезегінде – түрлі елдер мен халықтар арасында, саяси, діни түсіністік пен ынтымақтастық, бітімгершілік әрекеттері арқылы ғана мүмкін болмақ. Әлем елдері, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер қандай қиын жағдайда болмасын, тек рухани достық арқылы ғана табысқа қол жеткізуге болатынын біздің еліміз қашанда алға тартып келеді. Қазақстанның бітімгершілікке бағытталған айтулы бастамаларды абыроймен жүзеге асыруы бұған дәлел. «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Руханиятсыз, адамгершілік қағидаттарын сақтамай, әлемдік тәртіптің орнауы мүмкін емес. Біз Қазақстанда бірнеше ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт сүріп жатқанын мақтанышпен жиі айтамыз. Себебі, бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің айшықты жетістіктерінің бірі. Тек Тәуелсіздік жылдарында емес, қазақ әлімсақтан бірлігін ту еткен халық. Сан тараулы тарих беттерін парақтар болсақ, ата-бабаларымыз «мың өліп, мың тірілсе де» ел ішіндегі мызғымас бірлікті көзінің қарашығындай сақтай білген.
Тарихы тереңнен тамыр тартқан халқымыздың бай рухани мәдениеті Тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға негіз бола білді. Бүгінде елдің тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын басты назарда ұстаған Қазақстан халқы – демократиялық даму жолында ұлттың бірлігін сақтай алатын өркениетті тетікке қол жеткізе алды. Жас мемлекетіміздің алтын діңгегі ретінде теңдік пен достыққа, өзара диалог пен келісімге негізделген, бүкіл Қазақстан халқының ұлттық-рухани бірлігін насихаттайтын саяси формула қалыптастыра білдік
«Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтпаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет. Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек», — деді Президент.
Президент сондай-ақ көрнекті тұлғалар бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түсетінін жеткізді. Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал. Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған аулынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр», деді Президент өз сөзінде.

