Ел тарихының Тәуелсіздік кезеңіне жол салып берген, Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамға құқықтық негіз болған Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күні – 25 қазан маңызы зор, ерекше тарихи күн. Алғаш рет бұл айтулы күн 1992 жылы Республика күні ретінде ресми атап өтіле бастады да, 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелік күндер қатарына енгізілді. Ал 2009 жылғы «Мерекелер туралы» заңда ол күн ешбір себепсіз алынып тасталды.
Осыған байланысты 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «…Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген еді. Сөйтіп, Құрылтай шешімін жүзеге асыру мақсатында Ел Президенті 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңның 2-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні болып табылады» деп айрықша атап көрсетілді.
Тәуелсіздік Декларациясын қабылдауда қоғамдық ұйымдар, ғылыми мекемелерден және шығармашылық одақтардан сайланған депутаттар – тұлғалар ерекше рөл атқарды. Ұлттық құрам жағынан алғанда барлық 360 депутаттың 181-қазақ, 100-і орыс, қалғандары басқа ұлт өкілдері болды. 12-шақырылған Жоғары Кеңес Төралқасының төрағасы болып мамандығы экономист Ерік Асанбаев сайланды. Бұл Жоғары Кеңес ел тарихында екі тарихи заңды қабылдауымен ерекшеленді. Алғашқы заңға – «Президент туралы» заң жатып, осы заңға сәйкес Жоғары Кеңес 1990 жылы 24 сәуірде Қаз КП ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты Қазақ КСР-ның президенті етіп сайлады.
Екінші заң – «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация болды. 1990 жылдың көктемі мен күз айлары аралығында КСРО-ның саяси өмірінде ыдырау үдерісі өте жоғары қарқынмен жүре бастады. Балтық елдерінің егемендігін басқа республикалар жалғастырып, егемендіктері туралы декларацияларын барлық республикалар жарыса жариялап жатты. 1990 жылдың қазан айына дейін тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана әлі жариялай қойған жоқ еді.
Айтуға оңай болғанымен, бұл маңызды құжатты қабылдау депутаттар арасында үлкен идеялық, саяси күрес арқылы жүрді. Негізінен, егемендік туралы Декларацияның үш жобасы дайындалады. Біріншісін, Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын қазағы бар, орысы бар, басқалары бар орыс тілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы даярлайды. Олар Декларация жобасын қазан айының басында мерзімді баспасөз беттерінде жариялап жібереді. Бұл жоба бойынша Қазақстанда көпұлтты этностар өмір сүріп жатқандықтан жаңа қоғамды құру ұлттық мемлекеттілік тұжырым негізінде емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы қажет, өйтпеген жағдайда, болашақта ол қоғамда келеңсіз жағдайларды көп туғызады делінеді. 1989 жылы қыркүйекте қабылданған қазақ тілі туралы заңның болуына қарамастан олар жасаған Декларация жобасында орыс тілі ресми мемлекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба, әрине қазақ азаматтарының қатты қарсылығын туғызды.
Жоғары Кеңестің жұмыс тобы Декларацияның негізгі жобасын дайындап, талқылауға ұсынды. Қазан айының бірінші жартысы Декларация жобаларын талқылауға кетті десе болады. Сондай-ақ халық қалаулыларынан, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарынан, жекелеген азаматтардан көптеген ұсыныстар, толықтырулар, өзгерістер туралы пікірлер Жоғары Кеңеске түсіп жатты. Осылардың бәрін ескере келе, Жоғары Кеңес заңгер-академик, алдыңғы ойлы ұлтжанды азамат, депутат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра Декларацияның жаңа, толықтай нұсқасын, басқаша айтқанда үшінші нұсқасын жасауды тапсырады. Салық Зиманов бұған дейін академик Ж.Әбдилдиннің басқаруымен алаш арыстарын ақтаған комиссия құрамында жұмыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс істеген С.Зиманов комиссиясы Декларацияның соңғы жобасын Жоғары Кеңеске 15 қазанда ұсынды.
Жобаны талқылау өте қызу және қарқынды жүреді. Талқылау барысында арнайы жұмыс тобының мүшесі, белгілі заңгер-академик, тағы бір ұлтжанды азамат, депутат Сұлтан Сартаев өте белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауаптар бере отыра, «Егемендік туралы Декларацияның» басты ұстанымы мен баптарын қорғауда белсенділік көрсетеді. Сондай-ақ ұлтжанды депутаттар – зиялы қауым өкілдері, әсіресе, қоғамдағы беделі өте зор академиктер басқа депутаттар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Осылайша, ел тағдыры үшін аса маңызды құжаттың қабылданылуы күрделі жағдайда өтеді. Сөйтіп, 1990 жылдың 25 қазаны күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-ші шақырылған Жоғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны көпшілік дауыспен қабылдайды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Декларацияны 261 депутат қолдап, 18 депутат қарсы дауыс береді, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермейді. Осылайша, Қазақ КСР-і Одақ құрамындағы республикалар арасында 14-ші болып егемендік туралы Декларациясын жария етті.
Қабылданған Егемендік туралы Декларация 17 тармақтан тұрды. Онда Қазақ мемлекеттілігін құруда, қоғамды қалыптастыруда жалпы адамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынатындығы айтылды. Сондай-ақ Декларацияда Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қазақстан халқы деп жарияланды. Сонымен бірге бұл маңызды құжатта Қазақ КСР-нің территориясы тұтас, оған қол сұғылмайды және елдің келісімінсіз оны ешкім пайдалана алмайды делінді.
Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлінетіндігі – заң, сот және орындаушы болып бөлінетіндігі жария етілді. Сонымен бірге Қазақ КСР аумағында Ата Заң мен ел заңдарының үстемдік құратындығы, ел аумағындағы ұлттық байлыққа республиканың дербес меншігі болатындығы, халықаралық қатынастарда Қазақ КСР-і жеке субъект болатындығы және ішкі саясатты өз мүддесіне сай анықтайтындығы, егемендіктің басты белгілері – мемлекеттің елтаңбасы, туы және әнұраны болатындығы мәлімделді.
Арада 1 жыл және 1,5 ай өткеннен соң Қазақстан Республикасы егемендік туралы Декларацияны негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ Елінің Тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Сөйтіп, егемендік Декларациясы ел Тәуелсіздігіне негіз қалаған және жол ашқан тарихи маңызды құжат болып саналады. Сол себепті де осы құжат қабылданған күн – 25 қазан ел тарихындағы аса маңызды тарихи күн және ұлттық мереке – Республика күні болып саналады.

