Еліміздің тәуелсіз әрі егеменді мемлекет болып қалыптасуы оңай жолмен келген жоқ. Оған ең үлкен әсер еткен оқиға деп біз КСРО-ның жүйелік дағдарысын айта аламыз. Нақтырақ айтсақ құрамындағы халықтардың орыстандыру саясатына деген наразылықтары.
Сол кездегі КОКП ОК-нің басшысы болған М.С.Горбачевтің құрған «қайта құру» секілді реформалары да КСРО-дағы дағдарысты жоюға айтарлықтай көмегін тигізбеді, күтілген нәтижесін көрсетпеді. Осыдан кейін 1986 жылы өзіміз білетіндей ызғарлы Желтоқсан оқиғасы орын алды. Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда бұл оқиғаны атап өтпеу мүмкін емес, себебі қайта құру мен жариялылық кезеңдеріндегі еліміздің егемендікке деген ұмтылысы мен жігер-қайратының дәлелі осы болды. Бұл оқиғалардан кейін ендігі кезекте компартия әлсіреп, республикада әртүрлі партиялар пайда болды, осының есебінен жариялылық орын алды. Жариялылық өз кезегінде сөз бостандығын алып келді.
Егемендік жарияланғаннан кейін біздің еліміздегі компартияның қызметі де аяқталды. 1991 жыл 1 желтоқсанда президент сайлау өтті. Қазақстан Республикасы президенттік-парламенттік нысанға ие унитарлы мемлекет ретінде қалыптасты. Тұңғыш президентіміздің бастамасымен мемлекетімізде халықаралық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, сыртқы саясат дамыды, яғни 100-ден астам мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнады, елордамыз Астана қаласына көшірілді. 2019 жылы қазіргі елбасымыз — Қасым-Жомарт Тоқаев президент болуға ант қабылдады.
Еліміз тәуелсіздік жолында көптеген қиыншылықтарды бастан өткергенмен,одан кейін тәуелсіз даму жылдарында үлкен жетістіктерге жетті. Бүгінде біз өз туы мен әнұраны бар, ұлттық рәміздері бар, кең байтақ жерге ие демократиялық — егеменді мемлекетпіз. Мемлекеттік іс-шаралардан бөлек қазақтың ұлттық құндылықтары қалыптасты, әлемдік сахнадан елеулі орынға ие болды. Қазірде мемлекетіміз дамуын тоқтатқан жоқ еліміздің ары қарай да дамуы үшін әртүрлі стратегиялар мен даму бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Біз ежелден еркіндікті аңсап өскен азат елміз. Тұла бойымыздағы асқақтық, азаттық- табиғи болмысымыздан бар. Сол халқым өз табиғатына тән кең тіршілік кешкісі келсе, несі айып? Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт — сананың мызғымас бірліктің тірегі, қуаты. Тәуелсіздік – арман! Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқымыз жетті. Талай — талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған, талай өзегі өртенген өкінішті жандар мен қуаныштан жүрегі жарыла шаттанған ерлердің куәгері болған қасиетті Отанымыз – Қазақстан!
1991 жыл — еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осы аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы — Президентіміздің жүргізіп отырған саясатының нәтижесі.
Бұл жылдар — Қазақстан халқы үшін ұлы күндер. Бұл барлық жанұшыра жасаған еңбектің, татуласа қауышқан халықтың, айрылмасқа қосылған достықтың нәтижесі. Енді міне Еліміз— тәуелсіз ел! Басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Егемендіктің қандай жолмен келгенін, Тәуелсіздігіміздің бағасын басынан ауыр тарих өткізген халыққа ғана аян.
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»- деген аталы сөз барша қауымның жүрегіне рух, қуат берді. Жасампаздылығымыздың да, жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың көз тимес ұясы – Қазақстан.
Еліміздің тәуелсіздігі – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі болашақ та, балаларымыздың балаларының нұрлы ғұмыры да, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің мерейлі баянды болуы білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында!

