Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Отанға адал қызмет ету – ол өте үлкен абырой.Сонымен қатар, үлкен жауапкершілік болып табылады.
Әскерде қызмет ету – абырой. Әскер – батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны. Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшеміне айналған осындай рухы мықты әскер ғана еліміздегі тұрақтылықтың кепіліне айнала алады. Өйткені тәуелсіздіктің түпқазығы – қуатты армия.
Бұл туралы Мемлекет басшысы да үнемі айтып келеді. Қарулы күштер өкілдерімен кездесуінде ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек екенін ерекше атап өтіп: «Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші тыныш, қоғам тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни дамыған ел боламыз десек, ең алдымен бейбітшілік және тыныштық керек. Қарулы күштеріміз осы қастерлі құндылықтарды қорғауға тиіс. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады», дейді.
Әскери қуаттың басты көрсеткіштерінің бірі Қарулы Күштерді қажетті қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету болып табылады. Ол өз кезегінде әскерлердің жауынгерлік әзірлігіне тікелей әсер ететін фактор. Жаңа технологияларға негізделген шетелдік өнімдерді пайдалану заман талабы екені белгілі. Дегенмен сыртқа қол жая бермей, өзімізде өндіруге болатын техникалар мен қару-жарақтарды отандық кәсіпорындарда шығарған өте тиімді. Бұл ретте қорғаныс өнеркәсібі кешеніне елеулі роль жүктеліп отыр. Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов 2022 жылдың 8 шілдесінде Мәжіліс депуттарының сауалына қайтарған жауабында былай деген екен: «Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес, ұлттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі құжат Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы болып табылады. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 тамыздағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының құрылысы мен дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жаңа редакциясы бекітілді.
Әрине, Қазақстан Қарулы күштерінің еліміздің Ұлттық қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар міндеттерді орындайды. Негізгі міндеттердің ішінде мыналарды атап өтуге болады:
- Елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау Қазақстан Қарулы күштерінің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Әскери бөлімшелер шекараны үнемі күзетеді, шекарадағы жағдайды бақылайды және ел аумағына кірудің заңсыз әрекеттерін болдырмайды. Бұған елдің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз көші-қонды, қару-жарақ, есірткі контрабандасын және басқа да заңсыз әрекеттерді бақылау кіреді.
- Ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Қарулы күштердің тағы бір маңызды функциясы. Олар Қазақстан аумағындағы террористік және экстремистік әрекеттерге қарсы іс-қимыл жөніндегі операцияларға және әскери бөлімшелер арнайы операцияларға қатысады, қауіп-қатерлерді барлау мен бейтараптандыруды жүргізеді, маңызды инфрақұрылымды қорғауды жүзеге асырады, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
- Төтенше жағдайлар, зілзалалар немесе басқа да қауіптер болған жағдайда Қазақстанның Қарулы күштері азаматтық билік пен халыққа көмек көрсету үшін жұмылдырылады. Бұған табиғи апаттардың салдарын жоюға қатысу, апаттар мен төтенше жағдайларға көмек көрсету, халықты эвакуациялау, гуманитарлық көмек пен медициналық көмек көрсету кіреді.
Негізгі міндеттерден бөлек, Қазақстанның Қарулы күштері халықаралық қауіпсіздік пен бітімгершілік операцияларды қолдауға белсенді қатысады. Мысалы, биыл қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарына аттанды. Осылайша, олар тәжірибе алмасады және кәсіби дағдыларды дамыту үшін басқа елдердің қарулы күштерімен ынтымақтасады.
Міне, Қазақстан дипломатиялық құралдар арқылы жанжалдарды шешу және шабуыл жасамау саясатын ұстанады. Қарулы күштер аймақтың өзара пайдасы мен қауіпсіздігін нығайтуға негізделген халықаралық әскери ынтымақтасады. Демек, қуатты әскер – сенімді тірек.

