Елінің тыныштығы мен жерінің тұтастығын ойлайтын кез келген мемлекеттің өз әскері, күштік құрылымдары, басқа да арнайы жасақтары болатыны баяғыдан белгілі. Олардың бәрі дені сау, ақылы бүтін, күш-қайраты мол азаматтардан, арнайы оқу орындарында білім алған мамандардан жасақталады. Кешегі кеңестік дәуірде 18 бен 27 жас арасындағы азаматтардың барлығы әскер қатарында қызмет етуі жалпыға бірдей міндет еді. Қазіргі жағдай мүлде басқа. Жастар түгел әскер қатарындағы қызметке шақырылмайды. Оның үстіне, бұл жерде болып жатқан әділетсіздік, әлімжеттік, тәртіптің кемшіндігі сияқты басқа да әртүрлі келеңсіздіктер көпшілікті алаңдатады. Он екі мүшесі сау, ақыл-есі бүтін, елін, жерін, Отанын жан-тәнімен сүйетін жалындаған жігіттердің айдың, күннің аманында әскер қатарынан мүгедек болып оралып, кейбіреулері зорлыққа ұшырап, тіпті өзін-өзі өлімге қиып жатқаны жастарды да, олардың ата-аналары мен ағайын-туыстарын да қатты алаңдатады. Сол себепті де болар, жастардың көпшілігі әскерге барудан қашқақтайды. Сарбаз болу көп жағдайда абырой саналмайды, керісінше ептеп-септеп әскерден қалуды ақылдылық, ептілік деп есептейтін кереғар пікір қалыптасып барады.
Осы тұста, біраз жыл бұрын, Тамара Дүйсенова Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі болып тұрған кезде, Үкімет отырысында жұмыссыз жастарды әскерге жіберу туралы ұсыныс айтқаны еске түседі. «Қорғаныс министрлігімен типтік оқудан соң жұмыспен қамтылмаған, мектептен соң жоғары оқу орындары және колледждерге түспеген жастарды әскерге алу жайын қарастырып жатырмыз», – деген Тамара ханым, сондай-ақ, ел халқының 24 пайызын құрайтын 14-29 жас арасындағы 4 миллион 206 мың жастың 686 мыңы «ерекше назарда ұстайтын» жастар екенін де ескерткен-тін. Үкімет мүшесінің айтуынша, олардың арасында жұмыссыз жүргендер, экономиканың бейресми саласында табыс тауып жүргендер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың 68 пайызы, жұмыссыз жастардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Демек, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастардың қалған 32 пайызы және жұмыссыз жастардың 62 пайызы қалаларда тұрады деген сөз! Бір қарағанда, жай ғана сандар болғанымен, бұл – тереңірек ойлап, келешекке көз тіге алатын жандарды қатты ойландыруы тиіс бұлтартпас дерек! Оның қандай қауіпті екенін Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры, қазіргі Мәжіліс төрағасының орынбасары Жақып Асановтың 2016 жылы Ақтөбе облысында орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін, жұртшылықпен кездесуде айтқан: «Өткен жылы қылмыс жасағандардың 84 пайызы – жұмыссыздар. Қылмысты болдырмау үшін бірінші кезекте тұрғындарды жұмыспен қамту қажет!» – деген сөзі анық айғақтап тұр. Бүгінгі бүкіл әлемді терроризм елесі кезіп, лаңкестік әрекеттер осы күнге дейін тұрақтылық аралы саналып келген біздің Қазақстанымызда да бой көрсете бастаған тұста, әсіресе, 2022 жылғы Қаңтар қасіретінен кейін, бұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмайды! Адамзаттың Абайы атанған хакім Абай да «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демеп пе еді?!
Екінші жағынан, ауыл – қазақтың алтын бесігі екенін ескерсек, әйтеуір бір жұмысты алданыш көріп, содан тапқан болмашы ғана табысты талғажау етіп жүрген жастардың 70 пайызға жуығы, ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жастардың 40 пайызға жуығы ауылда тұратындығы және олардың біразы сотталып шыққандығы – тіршілік ету негіздеріміздің өзі қатты өзгеріп отырғанын көрсетеді. Оған қалалардағы жастарды қосыңыз. Сонда белгілі жұмысы, тұрақты табысы жоқ олар қайда барады, кімге ереді?!.
Бұл – ұлттық болмысымыз бен қазақи асыл қасиеттеріміздің сақталып, әрі қарай дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Соның салдарынан бауырмалдық, мейірбандық, үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, ауызбірлік, отбасындағы сыйластық, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты басқа да құндылықтардың қадірі кеміп, сананы тек «табыс табу керек» деген материалдық қажеттілік билеп, ол адамдардың негізгі өмір сүру мәніне айналып барады. Дәл осындай жағдайда ауылдық жерлердегі миллиондаған гектар құнарлы да шұрайлы жерлер игерілмей, өнім өндіру былай тұрсын, пайдаға жарамайтындай деңгейде тозып бара жатқандығы қынжылтады. Әрине, қаңтар қасіретінен кейін Президенттің тапсырмасымен пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлері мемлекет меншігіне қайтарылуда, бірақ ол ауыл тұрғындарына, агроөнеркәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға беріліп жатқан жоқ. Берілсе де қарапайым жандардың қаржыға қол жеткізуі әлі қиын.
Турасын айтқанда, Қазақстанда жұмыссыздық деген мүлде болмауға тиіс! Керісінше, әртүрлі өнім шығаратын үлкенді-кішілі кәсіпорындар жұмысшы күшін, қажетті мамандар таппай: «Бізге келіңіз, сізге барлық жағдайды жасаймыз. Өзге компаниялардан артық төлейміз» деп, әр жұмысшы, әр маман үшін таласып отыратын болуы керек. Өйткені, Қазақстан – аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы ел, ал халқы енді ғана 20 миллионға жуықтады. Сондықтан, жастарды еңбекпен қамту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, келешегін қамтамасыз ету, кез келген уақытта ең қастерлі құндылығымыз саналатын – Ел тәуелсіздігін, Отанымыздың қауіпсіздігін қорғау мақсатында Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарындағы сарбаздар сапынан саналы түрде табылуы үшін бүгінгі күні жалпыға бірдей міндетті әскери қызметті енгізу өте өзекті екені күмәнсіз! Тіпті мұны тездетіп шешіп, жуық арада іске асырса – нұр үстіне нұр болар еді! Оның үстіне, тек жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, 18 бен 27 жас арасындағы барлық жас түгел және қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл міндетті әскери қызметтен өтетін заң қабылдау қажет. Тіпті заңға «жоғары оқу орындарына тек міндетті әскери қызметін өтеген жастар ғана қабылданады» деген арнайы бап енгізілсе де артық болмас еді. Сонда қазіргідей ата-анасының тірнектеп жинаған қаржысын 4-5 жыл бойы ақылы оқуға жұмсап, не дұрыс білім ала алмай, не соңында жұмыс таба алмай қалатын жағдай да жақсы жағына қарай өзгерері анық. Бұл – кезінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап, білім, білік, тәжірибе емес, тек бір жапырақ диплом ғана беретін көптеген жекеменшік оқу орындарының да әбден сараланып, біразының жабылуына әкелер еді.
Әлеуметтік, экономикалық тұрғыда бұл – ел үшін де, қоғам үшін де, әр-бір жас үшін де тек пайдалы болатыны сөзсіз. Қоғамда қалай дегенде де осындай ұсыныс-пікірлердің пісіп жетіле бастағаны байқалады. Жоғарыда аталған жиында Президенттің өзі: «Ел тыныштығын қорғайтын әрбір жас маман өз қызметін мақтан етуі керек. Әскери қызметте болу үлкен абырой саналуға тиіс. Біз бұған қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет. Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», – деді.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түскенін, армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажеттігін, оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналғанын да айтып өтті. «Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, қазіргі заманда әбден машықтанған сарбаздар ғана тиімді ұрыс жүргізе алады. Сондай-ақ, сардарлардың біліктілігі айрықша рөл атқарады. Әсіресе, орта және төменгі буындағы басшылардың кәсіби дайындығы жоғары болуы шарт. Олардың дербес шешім қабылдау қабілеті және бастамашылдық қасиеті өте маңызды. Әскер басшылары қабылдаған шешіміне жауап беруден қорықпауға тиіс.
Қатардағы журналист ретінде менің қуанатыным, Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, өзге де әріптестеріммен бірге, біздің талай жылдардан бері көтеріп келе жатқан мәселемізге ерекше мән берді!
«Меніңше, армиядағы бүгінгі тәртіпті бұрынғымен салыстыруға мүлде келмейді. Оның көптеген себебі бар. Мысалы, жастар бұрынғыдай әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын атқаруды міндетті парызым деп санай бермейді. Ең өкініштісі, әскер қатарында қызмет етіп қайту – ер жігіт болып қалыптасудың мектебі, ел-халықтың, қоғамның алдында беделіңді арттыратын абыройлы іс деп есептелмейді. Оның үстіне, сардарлардың да білім-білігі көп жағдайда кемшін түсіп жатады. Олардың біразында кәсіби тәжірибе, біліктілік, отаншылдық рух жетіспейді. Көпшілігі кешегі қиын кездерде әртүрлі саладан тұрақты жалақы үшін әскерге келгендер. Соның салдарынан әскери тәрбие, жауаптылық, тәртіп, мәселесі ақсап тұр. Қоғамды түгел жайлаған жемқорлық індеті әскерді орағытып өтпегені де белгілі. Солардың салдарынан, бірінші кезекте әскер қатарында қызмет ету – жалпыға бірдей міндет болмағандықтан және тәртіптің төмендігі жастардың жауынгерлік қызметке деген қызығушылығын төмендетіп жіберді деп ойлаймын. Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні де талапқа сай емес. Ал, тәртіп деген әскердің басты ерекшелігі емес пе?!
Қазақтың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің мағынасы өте терең және әсіресе әскер үшін өте маңызды тұжырым. Біздің қоғамдағы басты кемшілік те осы, мемлекеттік тәртіп, жауаптылық жетіспейді. Соның салдарынан ел басшылығы айқындаған көптеген тапсырмалар, әртүрлі бағдарламалар мен жоспарлар мерзімінде және сапалы орындалмайды. Офицерлік құрамның міндеті тек жоғарыдан түсетін нұсқаулар мен бұйрықты орындау, жас сарбаздарға ұрыс құралдарын, әскери техниканы қалай қолдануды үйрету, физикалық тұрғыдан шынықтырып, мығым жауынгер дайындау ғана емес қой. Олар сонымен бірге әр сарбазға туған әкесіндей қамқорлық көрсетіп, батырлыққа, батылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін ұстаз, тәлімгер де болуы тиіс. Ол үшін, алдымен, сардарлардың өзі елінің тарихы мен халқының батырлық дәстүрін жақсы білетін, ана тілінде шешен де көркем сөйлей алатын, әр сөзі және ісімен жас жауынгерлердің рухын көтеріп, отаншылдыққа баули алатын білімді, білікті, жас сарбаздарға жеке қабілет-қарымы, жоғары адамгершілік қасиетімен үлгі-өнеге көрсете алатын отаншыл азаматтар болуы керек. Осы тұрғыда әскери институттар мен басқа да арнайы оқу орындарында қазақтың бай тарихы мен батырлық дәстүрі әскери тәрбиемен ұштастырыла терең оқытылуы тиіс деп санаймын. Осылай біздің бабаларымыздың ерліктері мен ел бірлігі, ұлт азаттығы жолындағы ғасырлар бойғы күресі бүгінгі Тәуелсіз ел тұрғысынан жаңаша насихатталуы қажет. Мұның бәрі әскер қатарында қызмет ететін жастардың бойында осынау ұлан-ғайыр жерді қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттаған батыр бабаларымыз бен ел басқарған хан-сұлтандарымыздың, елдің мұңы мен зарын жырлаған, қарашаның жағдайын хан алдында тайсалмай айтып, олардың өзін де сынап, дұрыс жол көрсеткен қара қылды қақ жарған тура билеріміз бен ақын-жырауларымызға деген мақтаныш сезімін оятатыны, бұл сезім Елге, Жерге, Отанға деген сүйіспеншілікке ұласатыны сөзсіз! Демек, біз жастарымызды шын мәнінде отаншыл, кез келген сәтте Отанын қорғауға саналы түрде дайын тұратын нағыз патриот, физикалық жақтан мықты, сан түрлі әскери құралдар мен қару-жарақты басқару мен қолдануды жетік меңгерген нағыз сарбаз ретінде көргіміз келсе, онда тез арада Жалпыға бірдей әскери қызмет туралы заң қабылдауымыз керек. Тіпті бұл – саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдағы заңдардан да өзекті десем, артық айтқандық болмас»,- дейді Алтынбай ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұрынғы баспасөз хатшысы.

