Әскердің негізі заманауи қару ғана емес, мықты рух пен мұқалмас қайрат және шексіз патриотизмнен тұрады. Бұл жалаң сөздер емес. Шынайы тұрғыдан іске асуы тиіс құндылықтар. Рух жоқ жерде жеңіс жоқ, кіл жеңіліс. Сондықтан да Қазақстан қарулы күштері әскерді де, әскерге баруды мақсат тұтатын жастарды да патриоттыққа тәрбиелеуге барын салып келеді. Жыл сайын осы мақсатта патриоттық шаралар, жиындар, ойындар, жас ұрпаққа тәрбие беру әрекеттері мен жобалары, бағдарламалары іске асуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты жолдауының негізгі ережелері аясында жас ұрпаққа партиоттық әскери тәрбиелер берілуде.
Мемлекеттік-құқықтық оқыту жүйесінде кадрларды ақпараттандыру, Қазақстанда жүргізілген саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылып келеді. Әскери мамандарға «Туған жер», «Сакралды Қазақстан», «Жаһандық әлемдегі қазіргі заманғы қазақ мәдениеті» жобаларын іске асыруға арналған «Рухани жағыру» бағдарламасын кеңінен насихаттау, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты тақырыптар да түсіндірілуде. Неге? Себебі дәл осы бағдарламаларда туған жерді сүю, ұлтының тіліне деген жанашырлық, тарихты білу мен отанымыздың қасиетті жерлерін ардақтауға қатысты идеологиялық материалдар жеткілікті. Оны әр әскери маман мен әр сарбаз біліп, түсініп, жүрегіне құйып алуы маңызды. Сонда ғана туған жердің әр тасы, суы мен нуы, әр сүйем жері мен бір уыс топырағы үшін қасық қаны қалғанша қорғау қасиеті бойында пайда болмақ.
Сонымен қатар әскерилер қатысатын тәрбие жұмысының сағаттарында дәрістер, мәдени, этникалық, тілдік және діни әртүрлілікке негізделген негізгі қазақстандық құндылықтарды ашатын сұхбаттар өткізіледі. Бұл Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Іс-шаралар көрнекті қазақстандық мемлекеттік және әскери басшылардың мысалдары бойынша деректі фильмдер және техникалық білім беру құралдарын қолдана отырып өткізіледі. Әскери қызметшілердің жеке құрамы мен отбасы мүшелеріне түсіндіру шараларына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысады. Бұл өте дұрыс. Себебі ұрпақтар сабақтастығы мен байланысы, визуалды көрініс арқылы тәрбие алудың маңызы да, эффектісі де мол.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдармен бірге әскери-патриоттық іс-шаралардың барлық кешені ұйымдастырылды, олардың ішінде — Республикалық «Ел тірегі» акциясы шеңберінде әскерге шақырылушыларды әскерге жіберудің салтанатты рәсімдерін өткізу, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау, жауынгерлік дайындық пен қызмет негізінде ерекшеленген әскери қызметшілерді құрметтеу, марапаттау, әскери қызметке жіберу жедел әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өтеген запастағы әскери қызметшілерді ынталандыру жұмыстары іске асуда. Бұл да сарбаздың абыройын көтеріп, мерейін үстем ететін шаралардың бірі һәм бірегейі.
Дәстүрлі негізде жыл сайын білім беру ұйымдарында батылдық, ерлік сабақтары өткізіледі. Оған мыңнан астам әскери қызметшілер мен Қарулы Күштердің ардагерлері шақырылады. Ауған-тәжік шекарасында соғысқан ардагерлер мен бітімгерлік күштерінде болған азаматтар қатысып келеді. Жас ұрпаққа отанды қорғаудың маңыздылығы, отанның қасиеті мен ол үшін отқа да түсіп, суға да бату керектігі жайлы тарихи оқиғалар мен шынайы фактілер айтылады.
Идеологиялық тәрбие құралдарының бірі — Қорғаныс министрлігінің жан-жақты ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысымен тығыз байланысты. Осыған байланысты ақпараттық-түсіндіру тобы республиканың барлық аймақтарында болып қайтты.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі қызметке жұмыссыз жастарды тарту мақсатында азаматтар жыл сайын келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданады. Өңірлердегі қорғаныс ведомстволары жастарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына тарту бойынша үнемі жұмыс жүргізіп келеді.
Әскери қызметкерлердің отбасыларындағы отбасылық құндылықтар мен моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің рухани, адамгершілік және мәдени-тұрмыстық қажеттіліктерін зерттеу және қанағаттандыру мақсатында әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру іске асырылуда.
Жалпы келісімшарт негізіндегі әскер санын арттыру аса өзекті. Себебі заманауи жаһандық қақтығыстарға назар аударсақ, соғыс шағын бірақ жылдам қозғалып, тез маневр жасай алатын әскермен іске асуда. Оның ішінде келісімшарт негізіндегі әскерилер саны басым болып келеді. Сондықтан да ол өте маңызды. Қазақстан экономикасы келісімшарт негізіндегі әскермен жабдықталуға толық мүмкіндік бар. Себебі экономика мен әскерге бөлінетін қаражат оған жеткілікті. Жалпы алғанда Орталық Азияда келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын әскер саны бойынша еліміз көш басында, бұл қуантарлық факт.
Әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, гарнизондарда әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Тәуелсіздік алған жылдары әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық мекемелер және әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына арналған мыңдаған шаршы метр тұрғын үй ретінде ең маңызды әскери бөлімдер басқаратын әскери қалашықтар салынды. Осының бәрі әскердің рухын көтеріп, ішкі серпіліс санын арттырып келеді.

