Ауған елінде 1979-1989 жылдар аралығында болып өткен 10 жылға созылған қантөгіске қазақстандықтар да жан аямай қатысқаны белгілі. Интернационалдық борышын өтеу мақсатына Қазақстаннан 22 269 азамат аттанса, олардың 761-і майдан даласында қалды. Әскер қатарында болғандардың жасы небәрі 18-бен 20 жас аралығындағылар еді.
Қантөгісті көзімен көріп, тәнімен сезінген патриоттарымыздың жанар оттары соғыстың сұмдығын дәлелдеп тұратын секілді. Бүгінгі ұрпақ, елім деп тіпті өлшеулі өмірін қиған ардагерлеріміздің ерлігін қайталай алады дегенге сену қиын-ақ. Ел басына күн туған заманда атамыз қазақ қашанда атқа қонып, бес қаруын сайлап жауға қарсы шыққан хас батыр болған. Мiне, сондықтан да Отан алдындағы өз борышын өтеуде азаматтарымыз ешқашан тайсалған емес, қай соғыста да халқымыздың арасынан батыр да батыл ұл-қыздар көптеп шыққан.
Кешегi ХХ ғасырдың соңындағы Ауған соғысы кезiнде Қазақ елiнiң ұландары өзге Ресей, Украина, Тәжiкстан тағы да басқа кеңестiк елдердiң азаматтарымен қатар майданның алдыңғы шебiнде қан кешiп, жанқиярлықпен соғысты.
Биылғы жылы Кеңес әскерлерiнiң ауған жерiнен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлерi кеңесiнiң төрағасы Тілес Ақаевқа жолығып, кеңес жұмысының бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi жайында әңгiме өрбiттiк.
— Түркiстан қаласынан 1979-1989 жылдар аралығында 250-ге жуық жерлестерiмiз «интернационалдық борышын өтеу» үшiн Кеңес әскерлерi қатарына аттанды. Бүгiнде Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінде мүшелiкте 66 ауған соғысының ардагерлерi бар. Оның 12-сі әртүрлі деңгейдегі мүгедек жандар.
Сауран ауданы құрылғалы бері екі Ауған соғысының ардагерлері Сауран ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді. Атап айтсақ, Халдар Османов пен Жалаладдин Зияддинов екеуі осы атаққа ие болды.
— Жақында алты ауған соғысының ардагерлері Сауран ауданы Ғалымжан Үсенбаевтың қабылдауында болдық. Сол жерде осы кеңес әскерлерінің Ауған жерін тастап шыққанына 34 жыл толатынын, алдағы жоспарымызды айтып, әңгімелестік. Бiздiң бұрынғы аталарымыз бен ағаларымыз отансүйгiштiкке тәрбиелеп, ерлiкке үндеушi едi. Осы тұрғыдан алғанда, соғыс көрген, ант қабылдап, Отан алдындағы азаматтық борышын адал атқарған азаматтардың кейiнгi жастарды патриоттық тәрбиелеуде орны ерекше. Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесi қоғамдық бiрлестiгi жас ұрпақтың бойына отансүйгiштiк қасиеттi дарыту мақсатында патриоттық тәрбие беру жолында көптеген игi жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, көптеген ардагер азаматтар аудандық білім бөліміне қарасты білім ошақтарында болып, патриоттық тәрбие берерлiк кездесулер өткiзудеміз. Сондай-ақ, соғыста мерт болған сарбаздардың ата-аналарына, мүгедектерге материалдық көмек көрсетiп отыру да бiздiң кеңестiң басты қағидасы. Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінен арнайы жер сұрап, онда аллея жасау, ауған соғысында қаза тапқан ардагерлерге ескерткіш тақта орнату, сонымен қатар майдангерлердің кездесетін клубын ашу жоспарымызда бар. Бұған аудан әкімі қуана келісті,-дейдi кеңес төрағасы Тілес Ақаев.
Ауған соғысына қатысып қайтқан саурандық азаматтар келешек ұрпаққа үлгi-өнеге көрсету жолын тәлiм-тәрбиелiк мәнi зор iстерiмен көрсетуде. Кешегi Ұлы Отан соғысы ардагерлерiнiң жолын ғасырлар тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы ретiнде Ауған соғысы ардагерлерi жалғастырып келеді. Ауған соғысы ардагерлерi үшiн 15 — ақпан ерекше күн. Бұл күн олар үшiн мәңгiге қалды. Өйткенi, олар осы күнi зұлмат күннен арылып, бейбiт замандағы бейбiт өмiрлерiне оралған күн. Сондықтан да бұл күндi олар мереке ретiнде атап өтiп қана қоймай, Ауған жерiнен қайтпай қалған ер боздақтарды еске алады.
Хамза ДАНИЯРОВ:
ҚОРШАУДА ҚАЛҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСЕТІНБІЗ
Хамза Хамидұлы Данияров әкесі Хамид пен анасы Жанаттың тоғыз ұл-қызының алтыншысы. 1977 жылы орта мектепті бітіріп, Өзбекстан Республикасының Бұхара облысы, Үшқұдық ауданында қазба жұмыстарында шебер болып еңбек еткен. 1979-1982 жылдар аралығында Ауғанстанның Қандағар қаласында әскери әуе қарулы күштері қатарында қызмет етеді. Бейбіт өмірдің ұланы Отан алдындағы әскери борышын өтеуді Ауған жерінде өткіземін деп ойламаса керек. Сол бір зұлмат жылдар жайлы Хамза Хамидұлының өзінен сыр тартсақ.
— Біз МИ-8, МИ-25, МИ-24 тікұшақтарына мініп, таулы жерлердегі жаяу әскерлерге қолдау көрсеттік. Қақтығыс кезінде дұшпандардың төбесінен оқ жаудырып, қоршауда қалған жауынгерлерге көмекке баратынбыз. Олар әбден қауіпсіз жерге шыққанға дейін, әуеден дұшпанға оқ жаудырып отырдық.
8-рота командирі аға лейтенант Ханиннің қарамағындағы 3-взводтың үшінші бөлімінде қатардағы жауынгер болып, жиырмаға жуық операцияға қатыстым. Рота құрамында украиналық, әндижандық, кавказдық, ресейлік жігіттерден жасақталған, барлығы 24 жауынгер едік. 1980 жылдың қаңтар айында Қандағар аэродромындағы соғыста алты жігітіміз қаза тапты,-деп бір сәт үнсіздікпен сол бір сұрапыл жылдарда қаза тапқан қаруластарын еске алды Хамза Хамидұлы.
Бүгінде Қарашық ауылында тұратын ауған соғысының ардагері Хамза Данияров Қарашық атындағы жалпы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Жұбайы Өктем екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан өрбіген алты немеренің сүйікті ата-әжесі.
-Мені қатты толғандыратын мәселенің бірі біздің мектептерімізде ер азаматтардың тым азайып бара жатқандығы. Кез келген мектепті алып қарасаңыз, әскери дайындық пәнінің, технология және дене шынықтыру пәндері мен жылыту қазандықтарында ғана ер азаматтар жұмыс істейді. Барлық пәндерді қыз-келіншектер жүргізеді. Бұл өз кезегінде ұлдарымыздың мінезінің қыздай жұмсақ, өздерінің әлжуаз болуына әкеліп соғуда. Мұны ауған соғысының ардагерлері кездесулерде жиі көтеріп жүрміз. Оның сыртында Ұлы Отан соғысының ардагерлері ауданда екеу-ақ қалды. Соған орай ендігі жерде Ауған соғысы ардагерлерін осы ҰОС ардагерлерімен шынайы түрде теңестіріп, жастарға патриоттық тәрбие беруге пайдалануымыз керек деген ойдамын.
Суанхан ХАСАНОВ:
ЕКІ РЕТ «ЕРЛІГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫМ
Суанхан Залұлы Хасанов 1964 жылы 11 сәуірде Жаңа Иқан ауылында дүниеге келген. Ұлықбек атындағы орта мектепті бітіріп, 1982-1985 жылдары Ташкент қаласындағы Байланыс техникумында оқып, инженер, электрик мамандығын алып шыққан. 1987-1992 жылдар аралығында Ташкент трактор заводында инженер-электрик, 1998 жылдан бастап Бостон ЖШС-де жеке кәсіпкер болып қызмет етеді.
Әкесі Зал мен анасы Жахонның 11 перзентінің тұңғышы.
-Ауғанстанда 1985-1987 жылдары Қандағар провинциясы Қалат пен Мукур қалалары арасында орналасқан Шахд-Жуй деген жерде болдым. Арнайы әуе десант батальонында радист, барлаушы қызметін атқардым. Сержант әскери шенінде болдым. Біздің мақсатымыз Пәкістаннан келетін әскерлер мен есірткі тасымалдаушыларды ұстаймыз. Көбіне түнде әрекет етеміз. Мукур қалашығы жанында дұшпандардың ірі тобын жойғанымыз үшін 1986 жылы 10 маусымда алғашқы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. 12-14 жастағы қыз баланы дұшпан қолынан азат еткенім үшін 1986 жылы Бүкілодақтық ВЛКСМ Орталық Комитетінің Мақтау грамотасын алдым. Қалат ауылы жанында дұшпанның бір тобын жойып, өте көп қару мен құжаттарды қолға түсіргеніміз үшін 1986 жыл 11 қыркүйекте екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталдым. 1987 жылы қаңтарда КПСС-тің мүшесі болдым. 1988 жылы 28 желтоқсанда КПСС Орталық Комите-тінің Мақтау грамотасымен және «От благодар-ного Афганского народа» медалімен марапат-талдым, — деп зұлмат соғыс жайлы сыр шертті.
Бүгінде Суанхан Хасанов жұбайы Сановар екеуі 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп, олардан бес немере сүйіп отырған мерейлі отбасы иелері.
Мұхиддин БЕКЕЕВ:
ЖОЙҚЫН СОҒЫСТАН ЖҮРЕГІМІЗ ШАЙЛЫҚПАДЫ
Мұхиддин Абдунабиұлы Бекеев биылғы жылы пайғамбар жасы 63-ке келеді. Әкесі Абдунаби мен анасы Умирнаса өмірге тоғыз перзент әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген. Мұхиддин Абдунабиұлы Отан алдындағы әскери борышын Ауған жерінде өткізген.
— 1979 жылы Ауған жеріне бірінші болып біз кірдік. Біз келген кезде бұл жерде жойқын соғыс жүріп жатқан екен. Мүмкін, жастық жігеріміздің жалындап тұрғандығы ма, әлде, патриоттық тәрбиенің керемет жүргізілгендігі ме, ешқандай жүрегіміз шайлықпай, отқа кіріп кеттік.
Бізді Құндыз қаласына жайғастырып, соғысқа дайындады. Әуе қорғанысы мақсатындағы бөлімшеде жүргізуші болып, оқ-дәрі тасыдым. Дұшпандар біздің армияға қайта-қайта шабуылдап тұрды. Бір күні қатты дабыл қағылып, біздің взводқа Файзабад қаласында жүріп жатқан ұрысқа көмек ретінде оқ-дәрі жеткізу міндеті жүктелді. Таудағы армияға оқ-дәрі таситын автоколоннадағы машиналардың талайы оққа ұшып, отқа оранып жатты. Соған қарамай, соғыс әрекеті жүріп жатқан аймақтарға уақытылы оқ-дәрі жеткізіп тұрдық. Ротамызда әртүрлі ұлттың жігіттері қызмет етті.
Ауған жерінде өткізген әрбір күнім естен кетпес оқиғаларға толы. Әсіресе, отқа оранған машина, одан түсе қашқан жауынгер, дұшпан мергенінен мерт болған қандыкөйлек қаруластардың жан ұшыра айқайлаған дауыстары, көмек бере алмаған біздердің дәрменсіз күйлеріміз бен шарасыз қалған халдеріміз әлі күнге дейін есімнен кетпейді…-деп ойға шомды.
Бүгінгі таңда Мұхиддин Бекеев Сауран аудандық Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Сондай-ақ, Мухиддин Бекеев Сауран ауданының экономикалық жағдайын көтеруге де белсене кірісуде. Ол егін шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкер. Құдай қосқан қосағы Ташбибі екеуі бір қыз өсіріп, одан төрт немере сүйіп отыр.

