Биылғы жылы кеңес әскерлерiнiң Ауған жерiнен шығарылғанына 35 жыл толды. Отыз бес жыл әрине аз уақыт емес, бiрақ жүректегi жараның орны әлi бiте қойған жоқ. Жарияланбаған соғыс 10 жылға созылған.
Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердiң 70-80 пайызы Кеңестер одағына қарасты Азиялық мемлекеттердiң жастары болатын. Кеңестер одағының құрамында болған кезде елiмiздiң ерлерiнiң еңбегi еленбей, әдейi, қасақана шетке ысырылды.
Бұл жөнінде «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертайұлы Ертаев тілшілерге берген сұхбатында: «Бiздiң жiгiттер ешкiмнен кем соғысқан жоқ. Мен басқарған батальондағы жауынгерлердiң 70 пайыздан астамы қазақ жiгiттерi болды. Сол кезде олармен жасты жiгiттер туған жерде отау тiгiп, отбасын құрап жатты, жұмыс iстеп жүрдi. Ал, Ауғанстанда әскери борыштарын өтеген сарбаздар елiне аман-есен оралатынын-оралмайтынын бiлмедi. Өйткенi, соғыстың аты – соғыс.
Бiрақ, батальон басқа жерде болғаннан кейiн көбi наградталмады. Кейiн Громов деген лейтенант келiп, «сiздiң наградаға берген қағаздарыңыз жерде жатыр» дедi. Олар басқалардың аты-жөнiн бередi де, менiң қолымды қоя салады екен. Мiне, сондай опасыздық болған»,-деп шындықты айтқан.
Осындай әрекеттердi көрiп тұрса да ата жолынан таймаған «адам сүй» қағидасын қанына сiңiрген ағаларымыз өзге халықтарға әрдайым өзiнiң iс-әрекеттерiмен үлгi-өнеге бола бiлген.
Осындай ағаларымыздың бірі Бекболсын Қожымов қаламыздағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептiң 8-сыныбын ойдағыдай тәмамдап, №31 кәсiптiк-техникалық училище оқып, механизатор мамандығын алып шыққан. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанғанда 19 жасқа әлi толмаған өрiмдей жас едi. Әр адамның өз тағдыры болады. Ол тұста әскери борышын өтеу мезгiлi 2 жыл болса, Бекболсынның маңдайына 2 жыл алты ай қосылып жазылыпты. Олай дерiмiз, әскер қатарына алынысымен Ауған соғысына жiберiлген Бекболсын Қожымов 2 жылдық мерзiмiн аман-есен бiтiрiп, елге қайтайын деп отырғанында тосын жағдай болып, елге жарты жыл кешiгiп оралады. Бұлардың орнына келе жатқан солдаттар мiнген вертолеттi дұшпандар атқылаған оқ құлатқан. Содан дабыл қағылып, Отанына қайтуға дайын отырған солдаттар (дембельдер) қайтадан горнизонға барып, операцияға шыққан. Дұшпандар жатқан жердi үш минометпен бомбалап, көздерiн жойған. Мiне, осылай дұшпандардың қайта-қайта ұрысқа шығуына байланысты, бұлардың орнына келетiн солдаттар 6 айдан кейiн келiп жетедi. Бекболсын үйiне жарты жылға кешiгiп келсе де аман-есен елге оралғанына мың да бiр шүкiршiлiк етедi.
-Қоршауда қалып қойған күндерiм де болған. Десанттар көмекке келiп, солардың арқасында аман қалдық. Елге аман-есен келу бақыты бұйырған ғой,- деп ойлаймын деген Бекболсын ары қарай сол бiр жылдардан әңгiме тiзгiнiн ағытты.
-1983 жылдың шiлде айы болатын. Күзетте тұрғанмын, таңғы сағат бес шамасында дұшпандар горнизонға шабуыл жасады. Дереу аспанға оқ атып, дабыл көтердiм. Рота жүгiрiп шығып, әрқайсысы өз техникасын меңгерiп, шабуылға шықты. Дұшпандар болса горнизонды қоршап алған, жан-жақтан оқ жаудыруда. Дұшпанның күшi басым көрiндi, жан-жақтан анталап барады. Тiптен, қоршаудан шыға алмайтын түрiмiз бар. Көмек шақырып, полкке хабарладық. Ұрыс ұзаққа созылды. Абырой болғанда көмек дер кезiнде жетiп, дұшпандардың көздеген мақсаты орындалмады. Бiрнеше солдат соғыс кезiнде қаза тапты, жаралыларын госпитальға алып кеттi. Қосымша келген көмектiң арқасында дұшпандардың өзiн қоршап алып, қолға түсiрдiк. Сол операция кезiнде мен минаметпен атқылап, дұшпанның екi нүктесiн жойдым. Осы ұрыста жалпы саны 600-дей дұшпанға қарсы тұрып, қосымша күш келгенше тайталасыппыз.
Ұрыстан соң полк командирi келiп, бiздiң взводты құттықтады, алғысын айтып жiгерлендiрдi. Кейiннен естiдiк: «айран iшкен» бiз болыппыз да, «шелек жалаған» полктегi басқа бiреулердi орден мен медальға ұсыныпты. Мұндай «әдiлетсiздiктер» мен «мен бiлемдiктердiң» талай сорақысын көрдiк қой. Ортаазиялықтарды басқа халықтар бiр саты болса да төмен санайтынына көзiмiз жеткен болатын. Әлi күнге дейiн сол күндер көз алдымда,-деп еске алады Бекболсын Тастемiрұлы.
Темiржолшы қызметiн абыроймен атқарған Бекболсын Қожымов денсаулығына байланысты бір жылдан бері үйінде отырғанын айтты. Жұбайы Раиса екеуi бiр ұл мен бiр қызды дүниеге әкелiп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан бүгінгі таңда бес немере көріп отырған отбасы иелері.
Бекболсын Қожымов Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін «За заслуги» орденімен, «За боевые заслуги» және т.б. медальдармен марапатталған. Сонымен қатар, еліміздің жастарын әскери-патриоттық тәрбиелеуде қосқан үлесі үшін Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған «Отанын қорғаушыға» құрмет белгісімен марапатталған.
Жалындаған жастық шақтарын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, сұхбат жүргізу – біз үшін бір мәртебе, ғанибет.
Ендеше, халықтың бірлігі мен мемлекет тұтастығы жолында келешек ұрпақтың бақыты үшiн маңдай терлерiн төгумен келе жатқан ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету парызымыз. Еліміздің жiгiттерi небiр ерлiктер жасап, өзгелерге үлгi көрсеттi. Олардың көрсеткен ерлiктерi әлi толық айтылып болған жоқ. Әлi айтылады, талай жазылады.

