Азаматтық қоғамның бастауын орта ғасырдағы алғашқы гуманистік идеялармен байланыстыра қарастыратын көзқарастар бар. Дегенмен, оның бүгінгі заманғы формасының қалыптасу тарихы үш ғасырдай уақытты қамтиды. Саланың осы аралықтағы даму, жетілу тарихына зер салсақ, бірінші кезекте дамыған мемлекеттердегі азаматтық қоғамның бет алысы санада жаңғырады. Жалпы, атқарушы билік пен азаматтық қоғам – мемлекеттің қос қанаты. Бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидаттарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда.
Батыс елдерінің тәжірибесінде үкіметтік емес ұйымдар үлкен саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани әлеуетке ие. Қазақстан да осы бағыттағы ұйымдардың жұмысын жандандыруға ниетті. Десек те, бұл салада шешімін күткен түйткілдер баршылық. Ол қандай мәселелер?
Елімізде ірі компаниялар, бизнес-қауымдастық ҮЕҰ-лардың əлеуметтiк мәні зор бастамаларын қаржылық қолдауы төмен деңгейде. Компаниялар, бизнес саласы бір реттік көмектен аса алмай жүр. Әрине ҮЕҰ-ға бизнесмендер, жеке компаниялар жәрдемдеспейді деп айту қиын, бірақ өте аз. Ал маңызды жобалар мемлекеттік тапсырыстар мен байқаулар арқылы берілген қаржыға жүзеге асырылуда. Яғни, үкіметтік емес ұйым мемлекеттің гранттарына, тапсырысына, дәлірегі тендерге телміруге мәжбүр. Бұл жағдай тапсырыс берушілер емеурінімен уақытша құрылатын ҮЕҰ-лардың пайда болуына әкеледі де, қоғам өміріне белсене араласқысы келетін құрылымдар амалсыздан ысырылып қалады.
Бұл жерде айтпағымыз, үкіметтік емес ұйымдар Үкіметтің қаржысына емес, негізінен бизнестің қолдауына ие болғанда ғана өркендейді. Сонда ҮЕҰ-лар Үкіметтің қаржысына тәуелділіктен арылып, өз беделін көтерер еді.
Енді осы арада шетелдердің тәжірибесінен бірер мысал келтірейік. Мәселен, Еуропа елдерінде мұндай ұйымдарға ірілі-ұсақты компаниялар, қалталы адамдар көмектесіп отырады. Ал Үкімет оларды жанама түрде ғана қолдап, олардың қызметін тек бақылаумен шектейді. Бұл арада еуропалық ҮЕҰ-лар мүлде мемлекеттік тапсырыс алмайды деген ұғым туындамауы керек. Олар да мемлекеттің тапсырысын орындайды. Бірақ бізден бір ерекшелігі Үкімет елдегі ҮЕҰ-лардан өздері көмек сұрап, қаржысын ұсынады. Өйткені әбден қалыптасқан, тәжірибесі мол, мүшелері көп ұйымдардың қызметіне Үкіметтің өзі тәуелді болады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруға кезінде барынша назар аударғандықтың жемісі осы болса керек. Егер осындай процесс бізде жүзеге асса, «үшінші сектор» – азаматтық қоғам әжептәуір серпіліс алар еді. Бізде компаниялар мен қалталы жандардың азаматтық қоғамды қолдауға қаржы бөлуінің мардымсыздығы ҮЕҰ-ларды Үкіметке тәуелді етіп отыр.
Тағы бір айта кетер жайт, еліміздегі ҮЕҰ-лардың көпшілігінің мүшелері де өте аз болып келеді. Шығын қол байлайды.
ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттырудың бір жолы ретінде еңбек, табиғат инспекциясы, әлеуметтік қызмет, білім бағалау, мүгедектермен жұмыс және басқа да салалардағы мемлекеттік қызмет функциясын үкіметтік емес ұйымдарға аутсорсинг шарттары негізінде беру мәселесін айтуға болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелер қызметін бағалау функциясын ескі арнадан шығарып, ҮЕҰ-лардың құзыретіне беру мәселесін де қолға алған абзал. Себебі мемлекеттік органдардың өз қызметін өздері бағалауы уақыт сынына жауап бере алмайды.

