Жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша 16 қарашада Халықаралық толеранттылық күні атап өтіледі. Бұл күн әлемнің әртүрлі мәдениеттері мен діндеріне, сондай-ақ этникалық және әлеуметтік топтарына төзімділікті арттыру мақсатында атап өтіледі. Қазіргі уақытта толеранттылық, әлеуметтік субъектілердің бір-бірінің ерекшеліктеріне төзімділік принципі ретінде қарастырылады, бұл олардың мәдени, діни, әлеуметтік-саяси, ұлттық және этикалық плюрализмді тануын білдіреді.
Толеранттылық — бұл адамдар арасындағы қарым-қатынастың сапасын білдіретін маңызды қасиет. Ол әр түрлі халықтар мен идеялар әлемінде өмір сүру өнері ретінде анықталады. Толеранттылық принципі әлеуметтік серіктестердің теңдігі, екіншінің әлеуметтік тәжірибесіне ашықтық, әр адамның жеке ерекшелігін сақтау және диалог, зорлық-зомбылықсыз түсіндіру мен сендіру әдістерімен келісімге қол жеткізу негізінде өзара іс-қимылын қамтиды.
Ислам дінінде толеранттылықтың мәні «кешірім, жұмсақтық, шыдамдылық, басқаларға деген жанашырлық» сияқты құндылықтармен сипатталады. Діндер мен мәдениеттер арасында бейбітшілікті орнату — жалпы адамзаттық міндет.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық өмірдің барлық салаларында терең өзгерістерге ұшырады. Республиканың әртүрлі ұлттар мен конфессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болды. Қазақстанда этноконфессиялық келісімнің іргетасы азаматтық қоғамды қалыптастыруға негізделген, яғни әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын сақтау, оған құрмет көрсету.
Бүгінде Қазақстан түрлі ұлттар мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз етуге, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға бағытталған саясат жүргізуде. Бұл саясаттың басты элементі – толеранттылық мәдениеті.
Қазақстан әлемдік державалардың мүдделерінің тоғысында, геосаяси тұрғыдан тиімді орналасқан мемлекет болып табылады. Оның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы діни-экстремистік күштерден қорғаудағы буферлік рөлі, ашық демократиялық мемлекет құруға деген ұмтылысы әлемнің көптеген елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделілік туғызады.
Қазақстан, бір жағынан, екі алпауыт держава (АҚШ және Қытай) мүдделерінің қиылысында, екінші жағынан, үш діни өркениеттің (мұсылмандық, христиандық және буддизм) тоғысқан жерінде орналасқан. Бұл жағдай еліміздің әлемдік саясатта өз орнын табуына мүмкіндік береді.
Қазіргі жаһандық, көпмәдениетті әлемде мәдени плюрализм, этникалық және діни бірегейлік мәселелері өткір болып тұр. Халықтың бейбіт өмір сүруі мемлекеттің тұрақты, жүйелі және тыныш дамуының кепілі. Рухани келісім Қазақстан Республикасының бейбіт бүгіні мен болашағының негізі болып табылады.
Толеранттылық пен этно-конфессиялық келісім мемлекетіміздің дамуына, қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан мемлекет пен қоғамның әрбір мүшесі осы құндылықтарды насихаттауда, олардың орындалуын қамтамасыз етуде белсенді рөл атқаруы тиіс.
Қазақстанда этно-конфессиялық келісімді, қоғамдық тұрақтылықты және төзімділікті қамтамасыз ету – бұл тек мемлекет деңгейінде ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігінде. Бейбітшілік пен келісім еліміздің дамуының негізгі факторлары болып табылады, ал оларды сақтау — барлық қазақстандықтардың ортақ мақсаты.
Осыған байланысты мемлекет пен қоғам бірлесіп әрекет ете отырып, Қазақстанның тұрақты, дамыған және бейбіт ел ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосады.

