Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы ел болып табылады. Елдің құрамында әртүрлі этникалық топтар мен діни конфессиялар өмір сүруде, бұл мемлекетіміздің мәдени алуан түрлілігін, әлеуметтік байлығын көрсетеді. Алайда, осындай этникалық және діни әртүрлілік мемлекет құрылымдарының алдына ұлтаралық келісім мен толеранттылықты қолдау нысандары мен әдістерін ұдайы жетілдіру міндетін қояды.
Қазіргі әлемнің күрделі және қарама-қайшы геосаяси жағдайлары, бірқатар мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатындағы ұлтшылдық тенденциялардың күшеюі, бұл міндеттің маңыздылығын бірнеше есе арттырады. Қазақстанның көпұлтты қоғамының тұрақтылығын қамтамасыз ету – елдің дамуы мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Жалпымемлекеттік деңгейде этносаралық шиеленісті анықтау және алдын алу, сондай-ақ этносаралық негізде қандай да бір инциденттерге жол бермеу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бұл бағытта мемлекетіміздегі ұлтаралық қатынастарды дамытуға бағытталған бірегей тәсілдер қалыптастырылуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлтаралық келісімді нығайтудағы негізгі институт. 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының даму концепциясы мен оның жүзеге асырылу жоспары іске асырылуда. Бұл концепция өңірлердегі ұлтаралық қатынастарды нығайту, этникалық топтардың мүдделерін қорғау және қоғамдағы бірлікті сақтау мақсатында құрылды.
Әрбір өңірдегі ұлтаралық қатынастарға теріс әсер ететін мәселелер талданды. Осы талдаудың негізінде өңірлік акиматтармен бірлесіп, өңірлердің этносоциологиялық шиеленіс картасы өзектілендірілді. Бұл карта қоғамдағы әлеуметтанулық жағдайды түсіну мен болжауда маңызды рөл атқарады.
Ұлтаралық шиеленістерді алдын алу үшін этномедиаторларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс ұйымдастырылды. Этномедиаторлар – бұл этносаралық қатынастарды реттеуде маңызды рөл атқаратын, мәдениетаралық диалогты қолдайтын және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге ықпал ететін мамандар. Олардың даярлануы қоғамдағы сенімді нығайтуға және шиеленістердің алдын алуға көмектеседі.
Ұлтаралық қатынастар саласында аналитикалық және болжамдық жұмысты күшейту шаралары қабылданды. Бұл жұмыстар шеңберінде этносаралық қатынастарды терең зерттеу, әлеуметтанулық зерттеулер жүргізу және ақпараттық-аналитикалық мәліметтер жинау қолға алынды. Мұндай ақпараттар этносаралық қатынастардың дамуын түсінуге, проблемалық аспектілерді анықтауға, алдын алу шараларын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Барлық республикалық шаралар, этникалық факторларды қолдану арқылы мүмкін болатын қақтығыс жағдайларын алдын алу бойынша, облыстар мен нақты елді мекендер деңгейінде сәтті жүзеге асырылуда. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, және азаматтық қоғам институттары арасында тығыз ынтымақтастық орнату маңызды. Бұл ынтымақтастық қақтығыстардың алдын алу және оларды шешу үшін қажетті ресурстар мен ақпараттарды бөлісуді қамтамасыз етеді деп айта аламыз.
Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен толеранттылықты қамтамасыз ету – мемлекетіміздің тұрақтылығы мен дамуы үшін маңызды шарт. Этносаралық шиеленістердің алдын алу, этномедиаторларды даярлау, аналитикалық жұмыстар жүргізу және жергілікті деңгейде нақты шараларды іске асыру – бұл бағыттағы басты міндеттер. Тек кешенді тәсілдер мен ынтымақтастық арқылы Қазақстан көпұлтты қоғамының бірлігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауымыз керек.

