Патриотизм дегеніміз — Отанға деген сүйіспеншілік, әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышын жанқиярлықпен орындау. Өкінішке қарай, соңғы кезде бұл мәселеге көпшілік күмәнмен қарап, әскердегі келеңсіз жәйттар өсіп келе жатқан жас жеткіншектің де, ата-ананың да ойын сан-саққа бөлуде. Десе де, дұрыс тәрбие, оның ішінде балалардың патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады. Әскери-патриоттық тәрбие жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, мемлекет тұтастығы, халықтың бірлігі мен ынтымағы жолында адал қызмет атқаруға, азаматтық, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге баулитыны сөзсіз.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Түркістан облысы Түркістан қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының ІІІ сыныпты сержанты Досыбаев Төлеген Аманжолұлымен патриоттық тәрбие жайлы аз-кем сөйлесудің сәті түсті.
-Төлеген Аманжолұлы, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
-Мен 1976 жылы Кентау қаласында дүниеге келдім. Мектеп бітірген жылы, яғни 1994 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды Жамбыл облысы Қордай ауданында №25717 әскери бөлімде өтедім. Бір жылдан соң Алматы облысы Ұзынағаш қаласындағы №68303 әскери бөлімге ауыстырылдым. 1996 жылы әскери борышымды аяқтап елге оралдым. 2003 жылы Түркістан қаласындағы қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде жұмыс істедім. Одан кейін ХҚТУ-дің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірдім. 2008 жылы Түркістан қаласы қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөліміне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдандым. Содан бері осы бөлімде тапжылмай қызмет етіп келемін.
-Төлеген Аманжолұлы, осы бөлімде күнделікті атқаратын міндеттеріңізбен таныстырсаңыз.
-Баршаға белгілі, Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес, 18-27 жас аралығындағы әскерге жарамды Қазақстан азаматы 12 ай мерзімге әскери борышын өтеу міндеті болып саналады. Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі денсаулығы жарамды, сотталмаған азаматтар жатады. Біздің міндетімізге сол азаматтарды әскери қызметке шақырылуын ұйымдастыру, запастағы солдаттар мен сержанттарды командаға жасақтау, жұмылдыру жоспарын әзірлеуге қатысу, әскери міндеттілерді уақытылы хабардар ету, олармен әңгіме жүргізу, есептік көрсеткіштерге өзгерістер енгізу, қала ұйымдарының әскери есебін тексеру комиссияларына қатысу, нарядтарды дер кезінде және сапалы әзірлеу міндеттері кіреді.
-Дегенмен қазіргі таңда жігіттердің әскерге баруға деген құлшынысы азайып бара жатқандай. Мұнымен қалай күресуге болады?
-Жалпы, бір жақты теріс пікірді ұстануға болмайды деп ойлаймын. Жігіттер әскерге барудан неге қорқады? Біз өзіміз кезінде тоқырау жылдары ештеңені ойламастан, «Біздің бірінші азаматтық борышымыз осы!» деген ойдан танбай әскерге барып қайтқан едік. Әскерге барған баланың статусы ерекшеленіп, тәртібі мықты, қадамы нық болып тұрады. Бүгінде әлеуметтік желіден түрлі жәйттар ашықтан-ашық жарияланатын болды. Соны көрген жасөспірімдердің кері тартыншақтайтыны сөзсіз. Сондықтан да мектеп қабырғасында жүргенде, одан кейін жоғары оқу орнын оқығанда білім бағдарламасына алғашқы әскери дайындықтың енгізілуі, әскери патриоттық тәрбиенің мықтап қолға алынуы, Отанымыздың саналы және белсенді сарбаздарын тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, Отан алдындағы мүддесін қорғауға айтарлықтай септігін тигізер еді.
Сондай-ақ «Отанды сүю отбасынан басталады» дегендей, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасының берер тәлім-тәрбиесінің мәні зор. Әскери борышын өтеуге аттанған азамат ең алдымен өз отбасының, жақындарының қадірін түсінеді деп айтсам қателеспеспін. Жас ұрпақты, қоғам мүшелерін Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, олардың бойына осы қасиетті сіңіріп қалыптастыру маңызды. Әрбір жігіттің әскерден патриот, ержүрек, өжет адам болып оралатыны заңды. Және де қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделгенін де ұмытпайық дегім келеді.
-Әңгімеңізге рахмет! Елдің бейбітшілігі, халықтың бірлігі — мемлекет тұтастығы үшін еңбек етер азаматтарымыз аман болсын!

