Шымкент қаласы халықаралық деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды қабылдауға толық дайын. Қалада спорт инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи талаптарға сай ету және халықаралық стандарттарға бейімдеу бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, мегаполис ірі спорттық іс-шараларды өткізу әлеуетін айтарлықтай арттырды.
2026 жылдың ең маңызды спорттық оқиғаларының бірі – XXXV Ғұсман Қосанов мемориалы болып отыр. Дәстүрлі халықаралық жеңіл атлетика турнирі 30 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Биылғы жарысқа Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Жапония, Филиппин, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Египет сияқты елдерден 800-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналады.
Сонымен қатар алдағы кезеңде Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Бұл ауқымды халықаралық додаға 2000-нан астам спортшы мен ресми өкілдердің қатысуы күтілуде. Мұндай ірі спорттық шаралар қаланың халықаралық спорт орталығы ретіндегі беделін арттырып қана қоймай, туризм саласының дамуына, қонақүй, қызмет көрсету және шағын бизнес секторына да оң әсерін тигізеді.
Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадионда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде стадион халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін заманауи спорт кешеніне айналды. Бұл жоба қала спортын дамытуға жаңа серпін беріп, жеңіл атлетика мен бұқаралық спорттың өркендеуіне кең мүмкіндік ашты.
Стадионның жеңіл атлетика инфрақұрылымы толық жаңартылып, халықаралық стандарттарға сай қайта жабдықталды. Атап айтқанда, 8 жолақты жаңа жүгіру жолағы салынды, жоғары сапалы көк түсті тартан жабын төселді, ескі жабын толық алынып тасталып, орнына сертификатталған жаңа материал орнатылды. Сонымен қатар көрермендерге арналған орындықтар жаңартылып, заманауи LED-экрандар, борттық экрандар мен ақпараттық мониторлар орнатылды.
Жаңғырту жұмыстары барысында жеңіл атлетикаға арналған заманауи спорттық инвентарьлар да сатып алынды. Олардың қатарында биіктікке секіру, сырықпен секіру, кедергілер арқылы жүгіру сияқты олимпиадалық дисциплиналарға қажетті кәсіби құрал-жабдықтар бар. Бұл спортшылардың дайындық сапасын арттыруға және халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның қаржыландыру көзі. Стадионды жаңғырту жұмыстары демеушілер есебінен жүзеге асырылды. Сонымен қатар құрылыс материалдарының басым бөлігі де әлеуметтік жауапкершілік аясында демеушілердің қолдауымен қамтамасыз етілді. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің нақты үлгісі болып табылады.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Шымкент қаласында халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік қалыптасты. Қала енді тек республикалық емес, әлемдік деңгейдегі спорттық дода өткізетін маңызды орталықтардың біріне айналып отыр.
Жалпы алғанда, атқарылған жұмыстар Шымкент қаласының спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, мегаполисті халықаралық спорт картасында айқын көрсетіп отыр. Алдағы уақытта да қалада спорт саласын дамыту, жаңа спорттық нысандар салу және бұқаралық спортты қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.

