Шымкент қаласында Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған ашық диалог алаңы өтті. Кездесуге қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ашып, Жаңа Конституция жобасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ел тағдырына тікелей әсер ететін мұндай тарихи кезеңде әрбір азамат байыппен ой түйіп, қоғамдық тұрақтылық пен ауызбіршілікті бәрінен жоғары қоюы қажет.
– Конституция жобасын талқылау барысында эмоцияға берілмей, сабырмен пікір білдірген жөн. Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілгені анық көрінеді. Ең маңыздысы – әрбір азаматқа өз ойын ашық айтуға мүмкіндік жасалып отыр. Бұл Ата Заңды халықпен бірге қалыптастырып жатқанымыздың айғағы, – деді Кенжехан Төлебаев.
Кездесуде сөз алған қалалық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Бауыржан Әлтеев жаңа құжатта еңбек адамдарының мүддесі нақты қамтылғанын атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік әділеттілік, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған нормалар күшейтілген.
Мемлекет және қоғам қайраткері Абдулла Ахметов Конституцияның маңызын кеңінен сипаттап, оны тек құқықтық құжат емес, ұлттың идеологиялық негізі ретінде бағалады.
– Конституция – заңдардың жиынтығы ғана емес, ол ел дамуының бағытын айқындайтын құндылықтар жүйесі. Сондықтан онда бірлік, әділдік және жауапкершілік секілді ұстанымдар айқын көрініс табуы тиіс, – деді ол.
Сонымен қатар, жиында Қанжігіт Сыздықов, Алданазар Құрбанбаев, Досыбай Шерімқұлов сынды ардагерлер кеңесінің мүшелері де сөз сөйлеп, Жаңа Конституция жобасындағы тың өзгерістерге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Жалпы қатысушылардың ортақ көзқарасы – Конституция жобасы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті теңестіруге бағытталған. Сондай-ақ билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтай отырып, халық үніне құлақ асатын басқару жүйесін қалыптастыруға негіз қалайды.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек айтылған барлық ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
– Бүгін көтерілген әрбір пікір мен ұсыныс арнайы комиссияға жолданады. Бұл – баршаға ортақ құжат. Сондықтан оны талқылауға әрбір азаматтың қатысуы маңызды, – деді ол.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай ашық кездесулер қоғамдағы сенімді арттырып, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайта түседі. Өйткені Конституция – тек заңгерлердің ғана емес, бүкіл ел тағдырына әсер ететін маңызды құжат. Ата Заңды жаңарту – уақыт талабы, ал оның мазмұнды әрі өміршең болуы – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Шымкенттегі бұл кездесу соның нақты дәлелі болды.
Trending
- ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДА БАРЛЫҚ ӨТПЕЛІ РӘСІМДЕР, МЕРЗІМДЕР МЕН РЕГЛАМЕНТТЕР НАҚТЫ ЖАЗЫЛАДЫ
- СОТ ШЕШІМІНСІЗ БАСПАНАДАН ШЫҒАРУҒА ЖОЛ БЕРМЕУДІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНДА БЕКІТУ ҰСЫНЫЛДЫ
- ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫС ПЕН ТАЛҚЫЛАУДЫҢ КЕҢДІГІ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ШЫҒАРУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
- КЕЛІП ТҮСКЕН ҰСЫНЫСТАР ЕСКЕРІЛІП, ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОСЫМША НОРМАЛАР ЕНГІЗІЛДІ
- МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ КЕПІЛІ
- Шымкент: Автокөлік саласының өкілдері жаңа Конституцияны қолдайды
- Шымкентте медицина саласы өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдау білдірді
- Шымкентте этномәдени бірлестік өкілдері жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

