Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ерекше рухани мәнге ие «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті. Шараның басты мақсаты – еліміздегі этностар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту, сондай-ақ әзірбайжан халқының бай мәдени мұрасын көпшілікке кеңінен таныстыру болды.
Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірлесе ұйымдастырды. Мерекеге Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері қатысты.
Шараның ресми бөлімі жылы лебіздер мен құттықтау сөздерге толы болды. Заңғарбек Үсіпахметов өз сөзінде барша қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, мұндай мәдени кездесулердің ел бірлігі мен татулығын нығайтудағы маңызын атап өтті. «Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара құрметті айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз. Республика күні қарсаңында осындай іс-шаралардың өтуі еліміздегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі», – деді ол.
Мерекелік бағдарлама көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Сахна төрінде әзірбайжан халқының ұлттық биі мен әндері орындалып, ұлттық костюмдермен безендірілген көріністер ұсынылды. Әзірбайжан мәдениетінің нәзік те көркем сипатын бейнелейтін поэзиялық композициялар, халықтық әуендер мен аспаптық туындылар да көпшіліктің көңілінен шықты. Балалар мен жасөспірімдер де белсенді қатысып, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Жексенбілік мектептің оқушылары ұлттық би мен ән орындап, өз өнерлерін паш етті. Олардың еңбегі бағаланып, грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Кеш барысында қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының шығармаларын тыңдап, халықтың рухани құндылықтарымен танысты. Әзірбайжан халқының салт-дәстүрі, киім үлгілері мен тұрмыстық заттары көрмеде ерекше назарға ұсынылды. Көрме қонақтарға этностың тарихи тамырын, мәдениетінің тереңдігін айқын танытты.
Мереке соңында қонақтар үшін ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік берілді. Дастархан мәзірінде әзірбайжан халқының дәстүрлі тағамдары – пахлава, долма, плов және тәтті шай ұсынылды. Бұл сәт мерекенің жылулық пен достық рухын арттыра түсті.
Іс-шара достық пен ынтымақтың, мәдени көптүрліліктің жарқын үлгісіне айналды. Шымкент қаласындағы түрлі этностардың өзара түсіністігі мен бірлігі тағы бір мәрте дәлелденді. Мұндай мерекелер қоғамда бейбітшілік пен келісімнің нығаюына, ұлттар арасындағы рухани байланыстардың тереңдеуіне ықпал ететіні сөзсіз.
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent

