Шымкент қаласында креативті индустрияны дамыту бағытында маңызды қадамдардың бірі – «Shymkent Creative Hub» орталығының ашылуы. Бұл заманауи креативті кеңістік мегаполис жастары мен қала тұрғындары үшін өз идеяларын жүзеге асырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор мүмкіндік береді. Орталықтың басты мақсаты – өнер мен мәдениетті насихаттау, шығармашылық бастамаларды қолдау және жастардың кәсіби дамуына жаңа серпін беру.
«Shymkent Creative Hub» – тек шығармашылық студия ғана емес, сонымен қатар кәсіби ортада тәжірибе алмасуға, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге арналған платформа. Мұнда әрбір қатысушы өз қабілетін дамытып, кәсіби мамандармен байланыс орната алады. Хабта тұрақты түрде шеберлік сағаттары, семинарлар, көрмелер мен шығармашылық жобалар өткізіліп, жастар мен қала тұрғындарының мәдени белсенділігі артып келеді.
Жақында орталықта үш түрлі бағытта шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Алғашқысы ерекше форматта өтті: инклюзивті бағытта жұмыс істейтін балалар өз қолдарымен безендірген киім үлгілерін сахнада ұсынып, сән көрсетілімін өткізді. Бұл тек шығармашылық тәжірибе ғана емес, олардың қоғамға бейімделуіне, өзін-өзі бағалауын арттыруға үлкен үлес қосты. Инклюзия қағидаттарын мәдениет пен өнер арқылы жүзеге асыру – қоғамның адамгершілік деңгейін арттырудың маңызды құралы.
Екінші шеберлік сабағы қолөнер мен дизайн саласына арналды. Жергілікті шеберлер мен дизайнерлер өз жұмыстарын ұсынып қана қоймай, олардың жасалу технологиясын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушылар ағаштан, былғарыдан, жүннен жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап көріп, дәстүрлі қолөнердің қыр-сырымен танысты. Бұл тәжірибе жастардың шығармашылық қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдени мұраны сақтауға және насихаттауға үлес қосады.
Үшінші бағыт кино мен анимация саласына арналды. Белгілі «Сақ» киностудиясының мамандары қатысушыларды мультфильм өндірісінің толық циклімен таныстырып, сценарий жазудан бастап кейіпкерлерді жасау, анимациялау және дыбыстауға дейінгі кезеңдерді тәжірибеде көрсетті. Мұндай сабақтар жас таланттардың жаңа кәсіби бағыттарға қызығушылығын оятып, шығармашылық индустриядағы мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Хабтың қызметі тек жергілікті аудиториямен шектелмейді. Мұнда шетелдік туристер жиі келіп, қолөнер бұйымдары мен ұлттық кәдесыйларға қызығушылық танытады. Олар қолдан жасалған өнімдерді сатып алып, өз елдеріне алып кетеді, бұл өз кезегінде жергілікті шеберлерге қосымша табыс көзі болып, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады.
«Shymkent Creative Hub» – тек жастарды біріктіретін орталық емес, сонымен бірге қаланың мәдени имиджін қалыптастыратын маңызды жоба. Оның қызметі Шымкенттің халықаралық деңгейде шығармашылық индустрия орталығы ретінде танылуына ықпал етеді. Осындай бастамалар мегаполистің инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, инвестиция тартуға және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

