Шымкент қаласында «Цифрлық құралдар – су инфрақұрылымын басқарудың жаңа үлгісі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Ауқымды шараны қала әкімдігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
Семинар жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары, су және коммуналдық инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарының мамандары қатысты. Бұл алаң саланың өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, тәжірибе алмасуға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді.
Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында ұйымдастырылды. Президент өз сөзінде цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу тек тиімділікті арттырудың құралы ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды тетігі екенін ерекше атап өткен болатын.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов семинар барысында су ресурстарын басқару – қарқынды дамып келе жатқан мегаполис үшін стратегиялық мәнге ие бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала халқының саны жыл сайын артып келеді, жаңа тұрғын үй кешендері мен өнеркәсіптік аймақтар салынып жатыр. Мұның барлығы сапалы ауыз суға деген сұранысты ұлғайтып, тиімді кәріз жүйесін құру мен сенімді инфрақұрылым салуға деген қажеттілікті күшейтеді.
«Бүгінге дейін қолданыста болған дәстүрлі тәсілдер қазіргі талаптарға жауап бере алмай отыр. Климаттың өзгеруі, тұтыну көлемінің артуы және су шығынының өсуі – жаңа шешімдерді қажет етеді. Цифрлық құралдар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу – Шымкент үшін де, тұтас ел үшін де басым бағытқа айналды», – деді Айдын Кәрімов.
Сарапшылардың айтуынша, су ресурстарын басқарудағы жаңа цифрлық технологиялар судың әр литрін бақылауға мүмкіндік беріп, шығындарды азайтады және желілердің жағдайын нақты уақыт режимінде қадағалауға жол ашады. Мысалы, смарт-датчиктер мен онлайн мониторинг жүйелері судың ағып кетуін немесе қысымдағы ауытқуларды ерте анықтап, апаттың алдын алады. Бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарына кететін шығындарды азайтып, ресурстарды тиімді пайдалануға септігін тигізеді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар нақты ұсыныстар әзірлеп, су инфрақұрылымын дамытудың жол картасын талқылады. Цифрлық технологияларды кезең-кезеңімен енгізу және мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде инвестиция тарту – алдағы уақыттағы негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

