Бүгін Қазақстан халқына арнаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің даму жолында жаңа бетбұрыс жасайтын маңызды тарихи құжат ретінде қабылданды. Бұл Жолдау – мемлекеттің стратегиялық бағытын айқындайтын, қоғамның барлық саласын қамтитын әрі жаңа дәуір талаптарына жауап беретін бағдаршам іспетті.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылым мен жоғары білімнің жаңа сатыға көтерілуі, инновация мен цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін жан-жақты талдап, нақты міндеттерді белгілеп берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан білім экономикасына қадам басып келеді. Осы орайда ғылым, білім және инновацияны басқару тәсілдерін өзара тиімді байланыстырудың маңызы ерекше. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланатын жоғары оқу орындарына көбірек дербестік беру қажеттілігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы дарынды зерттеушілерді қолдау, оларды елге қайтару және кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын қайта қарау туралы нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы саясат еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, әлемдік бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда білім беру мекемелерінің үлесі зор. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де осы мақсатта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Университет әлемдік білім кеңістігіне кірігу үшін шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, қос дипломдық бағдарламалар мен ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Соның айғағы ретінде биыл Arizona State University (ASU) университетімен бірлесіп қос дипломды бағдарлама ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама студенттерге халықаралық деңгейде білім алуға жол ашып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру байланысын жаңа деңгейге көтермек.
ASU – 1885 жылы құрылған, АҚШ-тағы ең ірі әрі беделді жоғары оқу орындарының бірі. Университет инновациялық зерттеулерге, жаңа технологияларды дамытуға және студенттердің жан-жақты дамуына үлкен мән береді. Мұндай серіктестік Қазақстан жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Президент Жолдауында айтылған идеялар мен мақсаттар – еліміздің білім беру мен ғылыми даму бағытын айқындайтын маңызды бағдар. Әуезов университетінің ұжымы бұл стратегиялық міндеттерді орындауда белсенділік танытып, еліміздің болашағы үшін сапалы білім мен ғылымды дамыту ісіне өз үлесін қоспақ.
Ұлы Абай айтқандай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Сол себепті ғылым мен білімге басымдық беру – Қазақстанның жарқын болашағына бастайтын негізгі жол.
Дархан Ахмед-Заки,
М.Әуезов атындағы ОҚЗУ
Басқарма төрағасы – ректоры

