Бүгін Шымкент қаласында Жұмабек Тәшенов атындағы университетте «Орталық Азия елдері арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы тәжірибесін талқылау, сондай-ақ Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау болды. Жиында ұлтаралық достықты сақтаудың қалыптасқан үлгілері қарастырылып, мемлекетаралық қатынастардың жаңа бағыттары белгіленді.
Конференцияның салтанатты ашылуы «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжановтың құттықтау сөзімен басталды. Ол өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – келісімнің өзегі, ол Орталық Азия елдері арасындағы достықтың берік көпіріне айналды», – деп атап өтті.
Одан кейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның XXXII сессиясында бейбітшілік пен келісімді нығайту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгінгі конференция – осы міндеттердің практикалық көрінісі», – деді.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік интеграцияны дамытудағы рөлі, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де көрші мемлекеттердің достық пен келісімді нығайтудағы тәжірибелері ұсынылды.
Баяндамашылар Орталық Азия халықтарының бірлігін нығайту өңірлік тұрақтылықтың маңызды шарты екенін атап өтті. Қатысушылар мәдени байланыстарды дамытудың жаңа түрлерін және елдер арасындағы әріптестікті нығайтудың тиімді жолдарын ғылыми тұрғыда саралады.
Конференцияның қорытынды бөлімінде пікірлер мен ұсыныстар алмасу өтті. Өзбекстандық сарапшы Фармонт Тошев: «Ұлтаралық келісім – мемлекеттің дамуының кепілі. Қазақстан тәжірибесі бүкіл Орталық Азия үшін үлгі бола алады», – деп атап өтті.
Осылайша, Шымкентте өткен халықаралық конференция достық пен келісімнің алтын көпіріне айналып, көршілестік бастамалардың жаңа кезеңін айқындады. Ұлы Дала елінің рухани ордасында өткен бұл шара Орталық Азия елдерінің бірлігін нығайтуға шақырған үн ретінде естіліп, сенім мен ынтымақтастықтың, болашаққа ұмтылыстың айқын дәлелі болды.
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent #АНК #ANK

