Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарына арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – қаладағы жетекші оқу орны – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің білім беру әлеуетін, студенттердің жетістіктерін және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды көпшілікке кеңінен таныстыру болды.
Пресс-тур барысында қатысушылар алдымен колледж басшылығымен кездесті. Колледж директоры Гүлмира Жапбарқызы оқу орнының даму тарихы мен қазіргі мүмкіндіктері жайында толық ақпарат берді. Оның айтуынша, колледж 2017 жылы «Үздік колледж» атағын иеленген және бүгінде үш оқу корпусында білім беру процесін ұйымдастырады. 558 орындық оқу кабинеттері, 9 оқу шеберханасы мен 10 құзыреттілік орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Студенттер 2014 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алады: 40%-ы теория, 60%-ы өндірістік тәжірибе. Қазіргі таңда 527 студент осы жүйеде оқып жатыр. Сонымен қатар, колледж Шымкент қаласындағы 35 кәсіпорынмен серіктестік орнатқан, бұл түлектерге жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында студенттердің авторлық үлгілерінен сән көрсетілімі ұйымдастырылып, колледждің шығармашылық әлеуеті паш етілді. Қатысушылар Coworking алаңы мен жастарға арналған заманауи шығармашылық кабинеттермен танысты. Колледжде жапондық JUKI, Kanzai, италиялық Rotondi, түркиялық Özbilim сияқты халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтар қолданылады, бұл білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Пресс-турдың келесі бөлімінде делегация «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Құзыреттілік орталығына барды. Мұнда «Сән технологиясы» бойынша республикалық дайындық алаңының жұмысы таныстырылып, студенттердің тәжірибелік сабақтарына куә болды. Сондай-ақ, қатысушылар серіктес кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын аралады. «АГФ» тігін фабрикасында киім тігу технологиялары мен студенттердің практика өту мүмкіндіктері көрсетілсе, «Назар-Текстиль» кілем фабрикасында өндірістік қуат пен экспорттық әлеует туралы ақпарат берілді.
Колледж студенттері халықаралық деңгейде де табысқа жетіп келеді. Олар WorldSkills, EuroSkills және Abilympics чемпионаттарының жеңімпаздары атанып, 2024 жылы Франциямен бірлесіп халықаралық салалық аккредитациядан өтті. Түркиядағы колледждер және «Денизли» индустриялық аймағымен серіктестік орнатылған. Қазіргі уақытта студенттердің 10 стартап жобасы жүзеге асырылуда, оған 40-қа жуық жас қатысады. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттер де халықаралық чемпионаттарда жүлделі орындарға ие болып жүр.

