Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ бастамасымен импортты алмастыру бағдарламасы аясында отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған кең көлемді дөңгелек үстел өтті. Бұл бастама елордада бастау алып, өңірлерде жалғасын тауып отыр. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес қауымдастықтар мен отандық кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.
Кездесуде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік әлеуетті дамыту және отандық өнімдердің нарықтағы үлесін кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» сатып алып отырған тауардың 65 пайызы жергілікті өндірушілердің үлесінде. Бұл – импортқа тәуелділікті азайтуға және ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды көрсеткіш.
Компанияның сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың айтуынша, басты мақсат – импортты алмастыру саясатын жүйелі түрде жалғастырып, отандық кәсіпорындардың дамуына жағдай жасау. «Қазатомөнеркәсіп» тек уран өндіруші әлемдік көшбасшы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып, жаңа технологияларды игеру ісінде де алдыңғы қатарда тұр. «Біздің тұрақты дамуымыздың кепілі – өзіміздің өндірістік базамызды күшейту. Импортқа тәуелділікті азайту – стратегиялық мақсатымыз. Сондықтан біз жергілікті өндірісті қолдауға бағытталған нақты қадамдар жасап келеміз», – деді ол.
Мәселен, 2019 жылдан бері отандық өндірушілермен жалпы құны 38 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасалды. Ал биылдың өзінде 100 миллиард теңгеден астам сомаға жаңа келісімдер бекітіліп, қосымша 2 миллиард теңгенің келісімі жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттыру жоспарда бар.
Компания сонымен бірге жыл сайын өндірістік кәсіпорындарға арнайы іссапарлар ұйымдастырады. Бұл сапарларда жергілікті зауыттардың өндірістік қуаты мен жаңғырту әлеуеті бағаланып, мамандар тарапынан кәсіби кеңес беріледі. Мұндай қолдау кәсіпорындардың жаңа технологияларды енгізуіне, еңбек өнімділігін арттыруына және халықаралық нарыққа шығуына жол ашады.
Жиында сөз алған спикерлердің пікірінше, импортты алмастыру бағдарламасы ұлттық өндірісті күшейтуге ғана емес, шағын және орта бизнестің өркендеуіне де серпін беріп отыр. Бұл бастама арқылы жергілікті өндірушілерге бәсекеге қабілетті өнім шығарып, жаңа нарықтарға жол ашуға мүмкіндік туып келеді.
Дархан Сағындықов өз сөзінде мұндай кездесулердің дәстүрге айналатынын атап өтті: «Біздің мақсатымыз – отандық өндірушілердің әлеуетін арттыру арқылы ұлттық экономиканы жаңа деңгейге көтеру. Сондықтан алдағы уақытта да осындай басқосуларды жиі өткізіп, тиімділігін жетілдіре береміз».
Қорытындылай келе, импортты алмастыру бағдарламасы еліміздегі өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорындардың инновациялық дамуына, еңбек өнімділігін жетілдіруіне және қазақстандық өнімнің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуына ықпал етіп отыр.

