Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің барлық өңірінде кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және бизнестің құқықтарын қорғауға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға прокуратура органдары белсенді атсалысып отыр. Шымкент қаласында да кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастыру, инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
Биылғы жылдың өзінде Шымкент қаласы прокуратурасының араласуымен кәсіпкерлерді алаңдатқан 22 өзекті мәселе оң шешімін тапты. Нәтижесінде 135 инвестордың заңды құқықтары қорғалды. Бұл – бизнестің сенімділігін арттыруға, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ жүйелі түрде жұмыс істеп, бизнес өкілдерімен тұрақты байланыс орнатып отыр.
Кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ шешімін күткен бірқатар мәселелер Шымкент қаласында өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, қала прокуроры Ғабит Мұқанов, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Шымкент қаласы – еліміздің үшінші мегаполисі әрі бизнес жүргізуге қолайлы өңір ретінде ерекшеленеді. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға жалпы 20 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 15,3 миллиард теңге, жергілікті қазынадан – 4,7 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржы бизнесті қаржылай демеу, жеңілдетілген несиелер ұсыну, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан әртүрлі жеңілдіктер мен преференциялар ұсынылуда. Нәтижесінде, 2025 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш – мегаполистің экономикалық белсенділігінің жоғары екенін және кәсіпкерлікке қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов жиын барысында прокуратура органдарының басты мақсаты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, олармен сенімді диалог орнатып, кез келген мәселені бірлесе шешу екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция саласындағы өзекті түйткілдер ашық талқыланып, әрбір ұсыныс назарға алынады.
Сонымен қатар, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев кәсіпкерлерді қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырса, Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова бизнестің құқықтарын қорғау бағытындағы шараларды баяндады. Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер өз ұсыныстарын ортаға салып, бизнес жүргізу барысында кездесетін кедергілерді айтты.
Жиын қорытындысында бірқатар кәсіпкерлер қала прокурорының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – бизнестің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы серіктестіктің нығая түскенінің дәлелі.
Шымкент қаласы үшін кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту – экономикалық өсімнің негізгі кепілі. Жиын барысында айтылған ұсыныстар алдағы уақытта нақты іс-шараларға негіз болып, бизнес-ортаның дамуына серпін беретіні сөзсіз.

