Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау қажеттігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының «Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі» деген сөзі – жас буын үшін зор мүмкіндік пен үлкен сенімнің белгісі. Бұл – жастардың болашағына, елдің келешегіне салынған стратегиялық инвестиция.
Кәсіпкерлікке ден қойған жас буын – ел дамуының қозғаушы күші. Себебі кәсіп ашу тек жаңа жұмыс орындарын құру немесе экономикалық пайда әкелумен шектелмейді. Бұл ең алдымен жастарды дербес ойлауға, тәуекелшіл болуға, жаңа мүмкіндіктерді іздеуге және өз армандарын жүзеге асыруға итермелейді. Әрбір жас кәсіпкер – қоғамға серпін беретін, өзгеріс әкелетін тұлға.
Бүгінде мемлекет тарапынан түрлі қолдау құралдары ұсынылуда. Атап айтқанда, жаңа бизнес бастамаларға арналған гранттар, жеңілдетілген несие бағдарламалары, оқыту курстары мен тәлімгерлік институттары жұмыс істейді. Мұндай шаралар жастардың өз ісін ашып қана қоймай, оны тиімді әрі табысты жүргізуіне мүмкіндік береді. Әсіресе ауыл-аймақтар мен шағын қалалардағы жас кәсіпкерлер үшін бұл қолдау үлкен серпін болмақ.
Мәселен, экологиялық таза өнім өндіру, жаңа технологиялық шешімдер ұсыну, агробизнесті дамыту, білім беру саласында орталықтар ашу – жастардың қолға алып жатқан бағыттарының бір бөлігі ғана. Шымкент қаласының өзінде көптеген жас бизнеске қадам басып, қоғамға пайдалы жобаларды жүзеге асырып жүр. Бірі ауыл шаруашылығында тың тәсілдерді енгізсе, енді бірі әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуде. Бұл – жастардың әлеуеті орасан зор екенін айқын дәлелдейді.
Президент Жолдауында атап өткендей, жастардың басты миссиясы – елге пайдасын тигізу. Ал мемлекет пен қоғам сол игі арманды жүзеге асыруға жағдай жасауы тиіс. Біз, жастар саясаты саласында жүрген мамандар, әрбір жастың ойы тыңдалатын, идеясы қолдау табатын орта қалыптастыруға күш саламыз. Жастардың бастамасын қолдау – елдің жарқын болашағына жол ашу деген сөз.
Осы тұрғыда жастарға арналған арнайы кәсіпкерлік мектептерін ашу, тәжірибелі кәсіпкерлердің тәлімгерлігі аясында оқыту бағдарламаларын көбейту маңызды. Сондай-ақ заманауи технологияларды қолдануды үйрету, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мүмкіндігін жасау да жас буынның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Жастардың табысты болуы – елдің дамуының кепілі. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы біз олардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасаймыз. Бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи жобалар, инновациялық шешімдер, ең бастысы – өз елінің дамуына үлес қосатын ұрпақ.
Аружан ӘЛЖАН,
Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығының»
басшысының м.а.

