Қазақстан Республикасының Президенті халыққа арнаған Жолдауында жасанды интеллект технологиясының ел дамуына тигізер әсерін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлемдік үрдістен қалыс қалмай, Қазақстан да жаңа технологияны күнделікті өмір мен экономикаға кеңінен енгізуі қажет екенін айтты.
Жасанды интеллект тек өндіріс пен білім беру саласында ғана емес, мемлекеттік басқаруда, ауыл шаруашылығында, әлеуметтік қызмет көрсетуде де кең қолданыс табатынын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл технология уақытты үнемдеуге, адам ресурстарын тиімді пайдалануға және шешім қабылдау сапасын арттыруға жол ашады. Мемлекеттік қызмет жүйесінде цифрлық шешімдер арқылы халыққа көрсетілетін қызмет жылдам әрі ашық болады. Бұл – жемқорлықты азайтып, қоғам сенімін нығайтудың маңызды қадамы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллекттің ең үлкен пайдасы – денсаулық сақтау саласында көрінеді. Қазіргі таңда әлемде жасанды интеллект рентген, КТ, МРТ нәтижелерін автоматты түрде талдап, ауруды ерте анықтау ісінде кеңінен қолданылып келеді. Бұл әдіс дәрігер жұмысына қолдау көрсетіп қана қоймай, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жасанды интеллект дәрігерлердің уақытын тиімді пайдалануға көмектеседі. Қағазбастылық пен мәлімет енгізу сияқты жұмыстарды автоматтандыру арқылы дәрігер пациентке көбірек көңіл бөле алады.
Жасанды интеллект шалғай ауылдағы медицина үшін де үлкен мүмкіндік. Қарапайым емханада отырған дәрігер күрделі жағдайға тап болғанда, жасанды интеллекттің көмегімен дұрыс шешім қабылдай алады. Бұл – ауыл мен қаладағы медициналық қызмет сапасының арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған нақты қадам.
Білім беру саласында да жасанды интеллекттің әлеуеті зор. Әр оқушыға жеке оқу бағдарламасын ұсыну, білім деңгейін автоматты түрде талдау, мұғалімге қосымша құрал болу – болашақта сапалы білім алудың кепілі болмақ. Ал ауыл шаруашылығында ол егіс алқаптарын тиімді басқаруға, ауа райы мен топырақтың жағдайын болжауға, өнімділікті арттыруға көмектеседі.
Президенттің Жолдауда айтқан бастамасы – денсаулық сақтау жүйесіне ғана емес, тұтас қоғамға тың серпін беретін маңызды міндет. Жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, бірақ оған сенімді көмекші бола алады. Сол сияқты ол мұғалімнің, мемлекеттік қызметшінің, фермердің жанынан табылып, жұмысын жеңілдетуге бағытталады. Білікті маман мен жаңа технологияның үйлесімі қазақстандықтарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, жасанды интеллект – жаңа дәуірдің құралы. Оны тиімді пайдалана білсек, Қазақстанның дамуы жеделдеп, азаматтардың өмір сапасы артады.
Бақытжан Позилов,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

