Шымкент қаласында жаңа қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, бос уақытын тиімді өткізуіне және экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Кезекті жұмыс сапары аясында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Тұран-2» шағынауданында орналасқан жаңа саябақтың ашылуына қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жалпы ауданы 2,7 гектарды құрайтын саябақ демеушілердің қолдауымен салынды. Қоғамдық кеңістікте жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, арнайы веложолақ, заманауи субұрқақ, балаларға арналған ойын алаңшалары мен спорт алаңдары, сондай-ақ автотұрақ орындары қарастырылған. Бұдан бөлек, аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 1,8 гектарға жасыл желек төселді. Түрлі қылқанжапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылып, аумақты табиғи тыныс сыйлайтын жасыл оазиске айналдырды.
Саябақ аумағы жарық шамдармен толық қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындардың кешкі уақытта да саябақта серуендеп, қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік береді. Ашылу барысында қала әкімі жаңа нысанның маңызына тоқталып, қоғамдық кеңістіктерді көбейту — инфрақұрылымды дамытудың басым бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануына, отбасылық демалыс пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді.
Жұмыс сапары барысында қала басшысы дендросаябақтағы қайта құру жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл жұмыстар әлеуметтік жауапкершілік аясында кәсіпкерлердің қолдауымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бірінші кезеңде аумақты абаттандыру, жаңа спорттық және ойын алаңдарын орнату, демалыс орындарын көбейту көзделген.
Қазіргі таңда дендросаябақта ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы, төрт заманауи воркаут алаңы, сәндік аркалар мен перголалар, балаларға арналған ойын аймақтары және демалуға арналған орындықтар орнатылды. Жоспарланған барлық кезеңдер аяқталған соң, дендросаябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи үлгідегі ыңғайлы демалыс орнына айналмақ.
Сонымен қатар, әкім жұмыс сапары кезінде Абай ауданындағы «Алтынтөбе» және «Көкбұлақ» тұрғын алаптарында салынып жатқан жолдардың сапасын тексерді. Жолдардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығын айтқан қала басшысы жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы Ә. Молдағұлова көшесі мен «Қарасу» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын да бақылап шықты.
Шымкент – еліміздегі үшінші мегаполис, қарқынды дамып келе жатқан қала. Сондықтан да мұндай қоғамдық кеңістіктерді көбейту, экологиялық аймақтарды кеңейту және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – қаланың болашағы үшін аса маңызды. Жаңа саябақтар мен абаттандырылған аумақтар тұрғындар үшін тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар балалардың ойынына, жастардың спортпен айналысуына, қарттардың тынығуына қолайлы орта қалыптастырады.
Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта Шымкентте осындай жобалар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл бастамалар мегаполистің тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасауды көздейді.

