Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшілігінің қолдауымен Шымкент қаласы әкімдігі мен Португалияның Оэйраш қаласы мэриясы арасында бейнебайланыс форматында ресми кездесу өтті. Бұл шара – екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Қазақстан Республикасының Португалия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жан Ғалиев және Оэйраш қаласы мэрінің орынбасары Франсишку Роша Гонсалвеш қатысты. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін егжей-тегжейлі талқылап, тәжірибе алмасудың жаңа бағыттарын қарастырды.
Жиын барысында Шымкент пен Оэйраш қалаларының инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылды. Әсіресе, туризм, жеңіл өнеркәсіп, инновациялық технологиялар және фармацевтика салаларындағы серіктестік мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінді. Шымкенттің қолайлы географиялық орналасуы, Қазақстандағы үшінші мегаполис ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуы мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары Оэйраш тарапына жан-жақты таныстырылды.
Оэйраш қаласының өкілдері өз кезегінде тәжірибелерімен бөлісуге дайын екендіктерін атап өтті. Атап айтқанда, инновациялар мен заманауи технологиялық парктерді дамытудағы жетістіктері, стартап-инкубаторлар жүйесі және ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысы ерекше қызығушылық тудырды. Бұл тәжірибе Шымкент үшін де өзекті, себебі қалада IT-хабтар мен креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Оэйраш қаласы Португалиядағы инновациялардың орталығы ретінде танымал. Мұнда халықаралық компаниялардың кеңселері, заманауи технопарктер мен ғылыми-зерттеу институттары шоғырланған. Сонымен қатар, қалада туризм, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары қарқынды дамып, экономиканың негізгі бағыттарының біріне айналған. Бұл факторлар екі қала арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді. Атап айтқанда, делегациялар алмасу, іскер топтардың қатысуымен ынтымақтастық-бауырластық туралы келісімге қол қою және бірлескен іс-шараларды қамтитын арнайы жол картасын әзірлеу жоспарланды. Мұндай қадамдар өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстан мен Португалия арасындағы байланыстардың нығаюына үлес қоспақ.
Шымкент қаласы үшін халықаралық әріптестікті дамыту – экономикалық және мәдени дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды бағыт. Ал Португалияның жетекші орталықтарының бірі болып саналатын Оэйрашпен орнатылатын ынтымақтастық – бұл Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртып, екі аймақты да өркендеудің жаңа белесіне жетелейді.

