Елімізде тамыз айында құрылысшылар мен жол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелері кеңінен аталып өтеді. Бұл күн – ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген еңбек адамдарының еңбегін дәріптейтін, олардың қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды мереке. Осыған орай Шымкент қаласында да сала мамандарына құрмет көрсетіліп, еңбегі бағаланды.
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс және жол салаларында абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарды қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградалар тапсырды. Сала үздіктері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қызметкерлерге қала әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Қала басшысы өз құттықтау сөзінде құрылысшылар мен жолшылардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. «Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қаламызда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл – тек ғимараттар ғана емес, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған игі істер. Сіздер мегаполистің дамуына айрықша үлес қосып келесіздер», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына бірнеше жыл болса да, осы уақыт аралығында ірі жобалар жүзеге асырылды. Соңғы кезеңдерде 4,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылдың өзінде ғана 1,37 миллион шаршы метр жаңа баспана ел игілігіне тапсырылмақ. Бұл көрсеткіш – қала халқының баспанаға деген сұранысын қанағаттандырып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты нәтиже.
Білім беру саласындағы құрылыс та қарқынды. Өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 11 жаңа мектеп пен 2 оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұған қоса, 17 білім беру нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар бірқатар әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтарының құрылысы қолға алынған. Бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жасалып жатқан жағдай.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда да ауқымды істер атқарылуда. Соңғы жылдары қала жолдары жүйелі түрде жөнделіп, қайта құрылымдалуда. Егер бұрын жыл сайын орта есеппен 250 шақырым жол жөнделсе, биыл бұл көрсеткіш рекордтық деңгейге жетіп отыр – 1 059 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл – қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Қала әкімі марапат иелеріне алғысын білдіре отырып, олардың еңбегі тек Шымкенттің ғана емес, бүкіл елдің өркендеуіне қосылған үлес екенін атап өтті. Құрметке бөленген сала мамандары да өз кезегінде ел сенімін ақтау үшін еңбек ете беретіндерін жеткізді.
Құрылысшылар мен жол саласы қызметкерлері – мегаполистің келбетін қалыптастырып, халыққа қолайлы жағдай жасаудағы негізгі күш. Олардың адал еңбегі – болашақ ұрпаққа қалатын мәңгілік мұра.

