Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі ұстаздардың тамыз конференциясы жоғары деңгейде өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбымен ұйымдастырылған жиынға Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, білім беру саласындағы стратегиялық бағыттар мен өзекті мәселелер талқыланды. Бұл жиын ұстаздар қауымының жыл бойғы еңбегін саралап қана қоймай, келешекке арналған нақты міндеттерді айқындап берді.
Конференция барысында жаңа оқу жылының басымдықтары кеңінен сөз болды. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған қолдау көлемі артып, мұғалімдердің мәртебесін көтеруге бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде ұстаздардың еңбекақысы екі есеге өсті. Бүгінде Шымкент қаласының бюджетінің 37 пайызы білім саласына бөлініп отыр. Бұл – мемлекеттің жас ұрпаққа деген қамқорлығының, болашаққа салынған инвестициясының айқын дәлелі.
Соңғы екі жыл ішінде қалада 39 жаңа мектептің пайдалануға берілуі – білім жүйесіндегі түйткілді мәселелерді шешудің нақты көрінісі. Осы арқылы апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасы кезең-кезеңімен жойылуда. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы 12 заманауи білім ордасы салынды. Алдағы екі жылда 37 мектептің құрылысы жоспарланып, 20 мектеп, 3 балабақша және 2 колледж күрделі жөндеуден өтті. Қала оқушылары үшін заманауи талаптарға сай екі Оқушылар сарайының ашылуы да маңызды қадам болды.
Әлеуметтік қолдау бағытында да айтарлықтай жетістіктер бар. 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың балалары мектеп формасымен толық қамтамасыз етіліп келеді. Биылдан бастап мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік санаттағы балалар да ыстық тамақпен қамтылатын болды. Балабақшаларда аз қамтылған отбасылар үшін тегін орындар қарастырылып, ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтарға соңғы екі жылда 285 грант бөлініп, жастардың білім алуына жол ашылды.
Мектепке дейінгі тәрбие саласында да оң өзгерістер байқалады. Қазіргі таңда балаларды қамту деңгейі 89 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 96 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Шымкент республикада алғашқылардың бірі болып ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асырып, нәтижесінде 1 041 «өлі жан» анықталып, 700 миллион теңге үнемделді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды міндетті лицензиялау енгізілмек, бұл сапаны арттыруға септігін тигізбек.
Жаңа оқу жылы ерекше қуанышпен басталмақ. Биылғы жылы 28 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Оқушыларды оқулықтармен қамту толық жүзеге асырылды. 2025 жылға қарай жоғары білікті педагогтердің үлесін 75 пайызға жеткізу көзделуде. Сонымен бірге ұстаздардың кәсіби дамуы үшін түрлі курстар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, үздік тәжірибелер енгізіліп келеді.
Соңғы жылдары шымкенттік оқушылардың жетістігі де көңіл қуантады. Білім сайыстарында жеткен жетістіктер – ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Халықаралық және республикалық олимпиадаларда қала оқушылары 7 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алып, 200-ден астам шәкірт жүлдегер атанды. Бұл – біздің жастарымыздың әлеуеті зор екенін, білімге деген құштарлығы жоғары екенін көрсетеді.
«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тамыз конференциясы – ұстаздар үшін жаңа серпін беретін, алдағы оқу жылына тың міндеттер жүктейтін маңызды басқосу болды. Ұстаздар қоғамдағы ең құрметті де жауапты міндетті атқарып келеді. Олардың еңбегі елдің болашағын қалыптастыратын, жас ұрпаққа жол көрсететін асыл мұратпен сабақтас.
Еліміздің келешегі – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан мұғалімдерге жасалған қолдау мен білім саласына бөлінген қаржы – Қазақстанның болашағына салынған берік инвестиция.

