Close Menu
  • Қаржы
  • Саясат
  • Әлемде
  • Шоубиз
  • Қоғам
  • Арнайы жобалар
  • Русский
Facebook X (Twitter) Instagram
Trending
  • Сарапшылар кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның негізгі ережелерін түсіндірді
  • ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДА БАРЛЫҚ ӨТПЕЛІ РӘСІМДЕР, МЕРЗІМДЕР МЕН РЕГЛАМЕНТТЕР НАҚТЫ ЖАЗЫЛАДЫ
  • СОТ ШЕШІМІНСІЗ БАСПАНАДАН ШЫҒАРУҒА ЖОЛ БЕРМЕУДІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНДА БЕКІТУ ҰСЫНЫЛДЫ
  • ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫС ПЕН ТАЛҚЫЛАУДЫҢ КЕҢДІГІ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ШЫҒАРУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
  • КЕЛІП ТҮСКЕН ҰСЫНЫСТАР ЕСКЕРІЛІП, ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНА ҚОСЫМША НОРМАЛАР ЕНГІЗІЛДІ
  • МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ КЕПІЛІ
  • Шымкент: Автокөлік саласының өкілдері жаңа Конституцияны қолдайды
  • ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ – ҚОҒАМ ИІГІЛІГІ ҮШІН
Facebook X (Twitter) Instagram
OITAMYZYQOITAMYZYQ
Demo
  • Қаржы
  • Саясат
  • Әлемде
  • Шоубиз
  • Қоғам
  • Арнайы жобалар
  • Русский
OITAMYZYQOITAMYZYQ
Home » АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫМЫЗҒА ҚОЛ СҰҒУҒА ЖОЛ ЖОҚ
ЖАҢАЛЫҚТАР

АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫМЫЗҒА ҚОЛ СҰҒУҒА ЖОЛ ЖОҚ

authorBy author9 ноября, 2024Updated:28 ноября, 2024Комментариев нет1 Views
Facebook Twitter Pinterest LinkedIn WhatsApp Reddit Tumblr Email
Share
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email

Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буынын тәрбиелеуде «AMANAT» партиясына үлкен сенім артылған. Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде әркім қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі тиіс екенін ескерткен болатын. Туған елге құрмет қызыл сөзден емес, жасампаз істен көрінуі қажет екенін түсіндірген. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, мемлекеттік мүддені бәрінен жоғары қоюға шақырды. Туған халқыңа қызмет етуден артық бақыт жоғын айта отырып, мемлекеттігімізді сақтаудың басты кепілі болуға үндеді.

Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған.

Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.   

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді.

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз.

Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан, биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн.

Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет.

Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада.

Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал- Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек.

Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап,   осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі  еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз.

Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс.

Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.

Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.

Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.

Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал.

Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз.

Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады

Біздің мемлекеттік егемендігімізге және аумақтық тұтастыққа қастандық жасатуға жол бермейміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды», — деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуыша, біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы.

«Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз.

Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді», — деді Президент Жолдауында.

Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу және сапалы білім беру — елдігімізді нығайту жолындағы ең басты міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады.Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт», — деп,жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын әрдайым атап өтеді. Әділетті қоғам құру, өз елінің, халқының мүддесін бәрінен жоғары қоя білетін азамат өсіру жолында да ата-бабалардың ғасырлар бойы ұстанған құндылықтарын жетекшілікке алуға тиіспіз.

Қастерлі Отанымыздың абыройы — баршамызға ортақ мақсат әрі ортақ мәртебе. Біз, ұстаздар қауымы, осы орайда өзімізге зор жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінеміз.Күнделікті білім берумен қатар, баланы өзінің туған тіліне деген сүйіспеншілікте тәрбиелеу, туған жердің қадірін сезіндіру, ұлттық құндылықтарды, туған халқымыздың тарихын насихаттау мәселелерін де әрдайым естен шығармаймыз.

 

Share. Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Telegram Email
author

Related Posts

ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУ – ҚОҒАМ ИІГІЛІГІ ҮШІН

11 февраля, 2026

БУЛЛИНГ ПЕН СТАЛКИНГКЕ ҚАРСЫ ҮН: ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

10 февраля, 2026

БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ – ЖАСТАР САНАСЫНДАҒЫ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

10 февраля, 2026
Leave A Reply Cancel Reply

© 2026 Designed by SamDev.kz
  • Қаржы
  • Саясат
  • Әлемде
  • Шоубиз
  • Қоғам
  • Арнайы жобалар
  • Русский

Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.