«JASYL EL» атауы әрбір қазақстандыққа жақсы таныс. Жалпыұлттық жобаның еңбек маусымы жалғасуда. Жоба жастарды еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді. Осы ретте жыл сайын еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып келе жатқан жобаның биылғы жаңалықтары туралы ақпарат ұсынуды жөн көрдік.
«JASYL EL» еңбек жасақтарына өтінім қабылдау биылғы жылы мамыр айынан бастап, ерікті жастардан құралған топ жұмысты жалғастырып келеді. Жобаға 16-34 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қатыса алады. Еңбек сарбаздарына арнайы киім үлгісі және қажетті құрал-жабдықтар беріледі.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша биылғы жылы 1313 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоба Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтуде. Жастар құжаттар мен өтінімді «Жасыл ел» штабында аудан бойынша жауапты ретінде бекітілген арнайы қызметкерге тапсырады.
Аталмыш жоба мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс болып табылады.
Еңбек маусымының ауқымы барынша кең. Яғни, жас жұмысшылар тал-теректерді күту мен көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру, құрылыс жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, түрлі экологиялық шараларға қатысу сынды қызметтерді атқаратын болады.
Шымкенттің жастарынан құралған жасақ мүшелері жаз және күз айларында қолға күрек пен қап ұстап, қоршаған ортаға пайдалы іспен айналысып, экологиялық жобаларды жүзеге асырады. Оларға экологиялық мәселелерді шешуге, қаланың жасыл желектерін көбейтуге, сондай-ақ, мәдени шараларға қатысуға мүмкіндік беріледі.
Сондай-ақ, жас азаматтардың мұндай жобаларға қатысуы олардың жауапкершілігін арттырып, еңбекке деген көзқарасын өзгертеді. Еңбекпен айналысқан жастар өздерінің қоғамға пайдасын тигізіп, әлеуметтік жауапкершілікті сезінеді. Сонымен қатар, бұл жоба жастарға болашақта кәсіби дағдыларды меңгеруге, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға септігін тигізеді.
«JASYL EL» жобасына қатысушылар тек физикалық еңбекпен
шектелмей, экологиялық білім мен дағдыларды да алады. Олар жасыл жобалар мен экологиялық акцияларға қатысып, командада жұмыс істей отырып, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Жастар еңбек тәжірибесін жинақтап, кейінгі өмірінде пайдасын тигізетін түрлі әлеуметтік байланыстар орнатуға да септігін тигізеді.
«JASYL EL» жобасына арқылы қаламызға тазалық пен ұқыптылық сыйлаймыз. Сізді қаламызды көркейту үшін бізбен бірге жұмыс жасауға шақырамыз. Жастардың белсенді қатысуы арқылы Шымкенттің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және өзіміздің әлеуметтік жауапкершілігімізді арттыруға үлес қосуға болады.
Жас ұрпақтың еңбекке деген көзқарасын өзгерту, оларды еңбекқор, белсенді азамат ретінде тәрбиелеу – біздің ортақ мақсатымыз.
Осылайша, «JASYL EL» жобасы еліміздегі жастардың еңбекке араласуына, экологиялық сана-сезімін қалыптастыруына және белсенді азаматтық позициясын дамытуына бағытталған. Жастардың еңбек етуі, қоғамға қызмет етуі – еліміздің болашағына оң әсер етеді.
Біз бірге жұмыс істей отырып, Шымкент қаласының көркіне көрік қосып, табиғатымызды қорғап, экологиялық мәдениетті дамытуға қол жеткізе аламыз. Алдағы еңбек маусымында сіздермен бірге тиімді әрі пайдалы жұмыстар атқаруды асыға күтеміз! Сенде қосыл! Бізбен бірге қала тазалығына атсалыс!

