Шымкент қаласында 11 тасымалдаушы компанияға тиесілі 916 автобус 77 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Тамыз айының алғашқы жексенбісі – осы салада тер төгіп, қала тұрғындарын күнделікті тасымалдаумен айналысатын көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Біз таңғы 05:30-да автобус паркіне келдік. Бізді тәжірибелі жүргізуші Сейіт Тұрсынбекұлы Тайтелиев күтіп алды. Автобус жүргізушісінің еңбегі қаншалықты қиын әрі қызықты екенін түсіну үшін арнайы келгенімізді жеткіздік.
«Бірінші диспетчерге барып, құжатты көрсетуіміз керек. Жолға шығу талонын алуымыз қажет. Одан кейін денсаулық сақтау пунктінде алкоголь деңгейін тексереміз. Алкотестте адамның ішімдік ішкені, ішпегені анық байқалып тұрады. Қан қысымын да тексеру маңызды», — дейді Сейіт аға.
Ол диспетчерге жүргізуші куәлігін көрсетіп, келген уақытын жаздырып алды. Ары қарай терезенің арғы бетіндегі қызметкер оған маршрут куәлігін берді. Сейіт аға айдайтын автобустың нөмірі – 9.
Сейіт Тұрсынбекұлы 1999 жылдан бері сүйікті қаласы Шымкентте автобус тізгіндеп келеді. Ол қоғамдық көлікте таң атқаннан, кеш батқанға дейін бір орында отырып жұмыс істегенімен, кәсібін жақсы көретінін тілге тиек етті. Айтуынша, қазір таң атпай ояну қиындық туғызбайды.
«1973 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Батыр Б.Момышұлы ауылында дүниеге келдім. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары әскери борышымды өтедім. Әскерден келгеннен кейін, 1993-жылы «Қайнар құс» фабрикасына жүргізуші болып жұмысқа тұрдым. 6 жылдай сонда жұмыс істедім. 1999 жылдан бері қоғамдық көлік жүргіземін. Отбасым – байлығым, сайдың тасындай екі ұлым бар. Екеуіне де жақсы тәрбие бердік деп ойлаймын. Бірі заңгер, бірі дәрігер», – дейді Сейіт аға.
Сейіт ағаның сабырлылығы мен ұстамдылығы – оның жүргізуші ретінде табысты болуына негіз болатын қасиеттер. «Жолаушылар әртүрлі болады. Автобусқа мінгенде түрлі эмоциямен кіреді. Бірі ашулы, бірі жайдары. Жүргізуші ретінде менің міндетім – олардың көңіл-күйіне қарамастан, жұмысымды дұрыс атқару. Өз жұмысымды орындауым маңызды, сондықтан жолаушылармен сөзге келгенше, сабырлы болуым қажет», – дейді ол.
Сейіт аға күнделікті қызметінде қоғамдық көлік жүргізудің қызығы мен қиыншылықтары қатар жүретінін атап өтті. «Күнделікті бір жолды айналып, көпшіліктің көңілін табу оңай емес. Бірақ мен бұл жұмысты сүйемін. Жолаушылардың менің қызметіме ризашылық білдіргенін көргенде, менің еңбегімнің еш кетпегенін сеземін», – дейді ол.
Сейіт аға тек автобустың тізгінінде ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Ол әлеуметтік маңызды шараларға қатысып, қоғамдағы проблемаларды шешуге көмектеседі. «Әрбір жүргізуші – қоғамның бір бөлшегі. Біз тек тасымалдаушы ғана емес, адамдардың күнделікті өміріне әсер ететін қызметкерлерміз», – дейді Сейіт аға.
Сейіт аға өз жұмысында қоғаммен тығыз байланыс орнатуға тырысады. Жолаушылармен қарым-қатынас жасау, олардың мәселелеріне құлақ асу – оның күнделікті міндеттерінің бірі. «Жолаушылардан алынған кері байланыс мен үшін өте маңызды. Олардың пікірлері мен ұсыныстары бізге қызмет көрсету сапасын жақсартуға көмектеседі», – дейді ол.
Біз Сейіт Тұрсынбекұлы мен оның барша әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, халық игілігі жолындағы жұмысына табыс тілейміз. Оның еңбекке деген адалдығы, сабырлылығы мен жауапкершілігі – Шымкенттің қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға зор үлес қосуда. Сейіт аға сияқты еңбеккерлер – қоғамның тірегі, елдің дамуына бағытталған маңызды күш. Олардың қажырлы еңбегі мен адалдығы барлық азаматтар үшін үлгі болып табылады.

