Шымкент қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мегаполисте тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Тұрғын үймен қамту мәселесі қаладағы әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Бүгінде Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде қарқынды дамып келеді. Халық санының тұрақты өсуі тұрғын үйге деген сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты қалада жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізіліп, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кең көлемде іске асырылуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың соңына дейін қалада жалпы саны 6 551 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 1 126 пәтер жалдамалы тұрғын үй ретінде, ал 3 692 пәтер жеңілдетілген несиелік бағдарламалар аясында берілмек. Бұл мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жоспарланған көрсеткіштердің бір бөлігі орындалды. Жыл басынан бері 1 733 пәтердің кілті табысталып, жүздеген отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде 876 отбасы несиелік тұрғын үйге қол жеткізсе, 857 отбасы жалдамалы баспанамен қамтамасыз етілді.
Баспаналы болған азаматтардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал санаттарға жататын тұрғындар бар. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, толық емес отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар жаңа тұрғын үймен қамтылуда. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және басқа да бюджет салаларында еңбек ететін қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінуде.
Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы тек баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ғана емес, сонымен қатар заманауи әрі қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған. Жаңа тұрғын үй кешендері қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, аумақтарды абаттандыру, балалар және спорт алаңшаларын салу, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде.
Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беруде. Әсіресе жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы мыңдаған отбасы өз баспанасына қол жеткізіп отыр. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен қатар әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етеді.
Жыл соңына дейін тағы 4 818 пәтер өз иелеріне табысталмақ. Осылайша, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуы көзделуде.
Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысын дамыту және халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

