Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан белсенді жұмыспен қамту шараларының бірі – жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту бағдарламасы. Бұл бастама тұрғындардың жаңа мамандықтарды меңгеруіне, кәсіби біліктілігін арттыруына және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
2026 жылы Шымкент қаласында 610 жұмыссыз тұрғынды кәсіптік оқытуға жолдау жоспарланған. Оның ішінде 450 адам білім беру ұйымдарында арнайы курстардан өтсе, 160 азамат жұмыс орындарында тәжірибелік негізде оқытылады. Бағдарламаның басты мақсаты – еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мамандар даярлау және жұмыссыз азаматтардың табысын арттыруға жағдай жасау.
Қазіргі таңда кәсіптік оқуға 420 азамат жолданып, түрлі бағыттар бойынша білім алуда. Олар еңбек нарығында сұраныс жоғары мамандықтарды меңгеріп, болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндік алуда.
Мәселен, бүгінде «Сәнді-Өмір» оқу орталығында 20 жұмыссыз тұрғын білім алып жатыр. Оның ішінде 5 адам визажист мамандығын игерсе, 10 азамат шаштараз-стилист кәсібін меңгеруде. Сонымен қатар, 5 адам тігіншілік бағытында оқып, заманауи технологиялар мен өндірістік дағдыларды үйренуде.
Оқу бағдарламасы теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар кәсіби білімнің негіздерін меңгеріп, мамандықтың ерекшеліктерімен танысады. Кейін тәжірибелік сабақтарға қатысып, алған білімдерін нақты жұмыс барысында қолданады. Жұмыс берушілердің базасында ұйымдастырылатын оқыту толығымен тәжірибеге бағытталғандықтан, қатысушылар нақты өндірістік ортада кәсіби машықтарын жетілдіреді.
Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан қатысушыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға ай сайын 43 574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Бұл олардың оқу кезеңінде қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал жұмыс орындарында кәсіптік білім алып жатқан азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге мөлшерінде еңбекақы төленеді. Мұндай қолдау азаматтардың тәжірибе жинақтауымен қатар табыс табуына мүмкіндік жасап отыр.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында оқуға қатысушыларға медициналық тексеруден өту үшін қажетті 075 үлгісіндегі анықтаманы рәсімдеуге жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында 8 650 теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек қарастырылған.
Қазіргі уақытта кәсіптік оқыту бағдарламасына жұмыс берушілер тарапынан өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл еңбек нарығындағы нақты қажеттіліктерді ескере отырып, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жиналған өтінімдер өңірлік комиссияның қарауына ұсынылады. Комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда жұмыссыз азаматтар кәсіптік оқытуға жолданып, жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде халықтың жұмыспен қамтылуын арттырып, өңірдегі еңбек нарығының тұрақты дамуына ықпал етеді.
Мемлекеттік бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы тұрғындардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Шымкент қаласында алдағы уақытта да еңбек нарығын дамытуға және халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға арналған жобалар жүйелі түрде жалғасатын болады.

