Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамту және олардың еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсету бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектеріне алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы» бағдарламасы ерекше маңызға ие.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – оқу орнын жаңа тәмамдаған жастардың жұмыс тәжірибесінің жоқтығына байланысты туындайтын қиындықтарды азайту, олардың мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастауына жағдай жасау және кәсіби біліктілігін арттыруға көмектесу. Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл қолдау жас мамандардың еңбек нарығына жылдам бейімделуіне және тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
2026 жылы Шымкент қаласында «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1721 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта 336 жас маман өздерінің кәсіби бағыттары бойынша еңбек тәжірибесін жинақтап, білімдерін тәжірибемен ұштастыруда.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі – Нұргүл Жанет. Ол жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс іздеп, Enbek.kz электронды еңбек биржасы порталына жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында жас маман Орталық Азия инновациялық университетінің «Бастапқы әскери дайындық және денешынықтыру» кафедрасына әдіскер қызметіне жұмысқа орналасты.
Бүгінде Нұргүл жаңа еңбек ұжымында тәжірибе жинақтап, кәсіби қабілеттерін жетілдіруде. Оның айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасы жас түлектер үшін еңбек нарығына енуге, өз мамандығы бойынша тәжірибе жинауға және болашақ мансаптық дамуға берілген үлкен мүмкіндік болып табылады.
Бағдарламаға қатысу мерзімі 12 айды құрайды. Оған жасы 35-тен аспаған, жоғары немесе арнаулы орта білім алған, оқу орнын соңғы үш жыл ішінде бітірген және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Бұл талаптар еңбек нарығына енді қадам басқан жастарды қолдауға бағытталған.
Бағдарлама қатысушыларына мемлекет есебінен ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы төленеді. Бұл жастардың алғашқы еңбек кезеңінде материалдық қолдау алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Шымкент қаласында жастар мен азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Биыл «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламалары арқылы жалпы 4335 адамды уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған бағдарламаларға 1367 адам қатысып, еңбек нарығында тәжірибе жинақтауда.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, еңбек ресурстарының сапасын арттыруға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуде. Алдағы уақытта да Шымкент қаласында жастарды қолдау және олардың кәсіби әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

