Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және жаңа заңнамалық өзгерістерді іске асыру мәселелері қаралды. Жиында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына енгізілген өзгерістердің негізгі бағыттары талқыланып, оларды тәжірибеде тиімді қолдану жолдары айқындалды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбековтің айтуынша, жаңартылған заң мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Соның ішінде мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, барлық іріктеу рәсімдері «E-қызмет» жүйесі арқылы жүргізілетін болады.
Жаңа тәсіл кадрлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі салада тәжірибесі бар білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуіне ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, «Б» корпусы қызметкерлері үшін мансаптық өсудің жаңа тетігі енгізіліп, қызметкерлердің кәсіби жетістіктері мен лауазымдық деңгейі еңбекақы мөлшеріне тікелей әсер ететін болады.
Сонымен қатар әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтілуде. Еңбек өтілі 25 жылдан асқан мемлекеттік қызметшілерге зейнетке шығу кезінде төрт айлық лауазымдық жалақы көлемінде төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, қосымша ақылы еңбек демалысы мен мереке күндері атқарылған жұмыстар үшін өтемақы төлеу тетіктері күшейтіледі.
Кеңесте құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері де қозғалды. Осы мақсатта мемлекеттік органдарда профилактикалық қызметтер құрылып, кадрлық бөлімдердің жұмысы адами капиталды стратегиялық басқару қағидаттарына негізделмек.
Жиын қорытындысында қала әкімі барлық мемлекеттік мекемелерге жаңа заң талаптарының толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл шаралар мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.

