Шымкент қаласында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі әрі кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Қалада мемлекеттік басқару, қоғамдық қауіпсіздік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын толық цифрлық трансформациялау мақсатында бірқатар инновациялық жобалар іске асырылып жатыр.
Осы бастамалардың негізгі бағыттарының бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтау жүйелерін дамыту. Қазіргі таңда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін интеллектуалды бақылау жүйелері қалалық жол инфрақұрылымына кеңінен енгізілуде.
Атап айтқанда, «Жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы жол қозғалысы ережелерін бұзатын жағдайларды автоматты түрде тіркеуге бағытталған. Жүйе жасанды интеллект алгоритмдері арқылы құқықбұзушылық фактісін анықтап қана қоймай, көлік құралының мемлекеттік нөмірін, оқиғаның нақты уақытын және орнын автоматты түрде дерекқорға енгізеді. Бұл деректер кейіннен тиісті органдарға өңдеу және әкімшілік шара қолдану үшін жолданады.
Megacam.Argus жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың 20 тамызы мен 3 желтоқсаны аралығында Байтерекова көшесінде, «Hyundai Center» маңында 9 166 құқықбұзушылық тіркеліп, тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл аймақта жол қозғалысын бақылау жүйесінің енгізілуі тәртіпті күшейтіп, заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Сондай-ақ Рысқұлов көшесі бойында, «Самал» базары маңында 25 642 құқықбұзушылық анықталған. Айта кету керек, аталған аумақтарда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім фактілерінің тіркелмеуі бұл жүйелердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға оң әсер етіп отырғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Innova Tech компаниясы әзірлеген «Ақылды жаяу жүргінші» жобасы да тиімділігін дәлелдеп отыр. 2026 жылдың 24–28 наурызы аралығында Жібек жолы көшесінде 343 құқықбұзушылық, ал Тәуке хан даңғылында 146 құқықбұзушылық тіркелген. Бұл жүйе жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі тәртіпті бақылауға және жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Жасанды интеллектке негізделген мұндай шешімдер қаладағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, жүргізушілер мәдениетін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етуде. Сонымен қатар, бұл жүйелер адам факторын азайтып, бақылау процестерінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Шымкент қаласы алдағы уақытта да цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін кеңінен енгізу арқылы қауіпсіз, заманауи және тиімді қалалық ортаны қалыптастыру жұмысын жалғастыра береді.

