Шымкент қаласында аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау, олардың денсаулығын нығайту және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығы. Аталған мекеме зейнеткерлердің өмір сапасын арттыруға, олардың денсаулығын сақтауға және қоғамдық белсенділігін дамытуға бағытталған кешенді қызметтер көрсетуде.
Белсенді ұзақ өмір орталығы егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың физикалық және психологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Орталық қызметінің басты мақсаты – қарттардың қоғамнан оқшауланбауына жағдай жасап, олардың әлеуметтік белсенділігін сақтау, шығармашылық әлеуетін дамыту және өмірге деген қызығушылығын арттыру.
Бүгінде орталықтың қала аумағында орналасқан төрт бөлімшесінде күніне шамамен 800-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Жыл басынан бері мұнда 3200 қызмет алушы қамтылып, қосымша 323 жаңа қатысушы тіркелген. Бұл көрсеткіштер орталық қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін және оның қала тұрғындары арасында кең қолдау тапқанын көрсетеді.
Орталықта зейнеткерлер үшін 36 түрлі қызмет түрі ұйымдастырылған. Олардың қатарында емдік денешынықтыру, массаж, фитобар, психолог кеңесі, тұзды кабинет, шунгит терапиясы, бассейн, йога, хореография, еңбек терапиясы, бейнелеу өнері, қыш өнері, кітапхана қызметі, музыка сабақтары, компьютерлік және қаржылық сауаттылық курстары, сондай-ақ ағылшын және араб тілдерін оқыту бағдарламалары бар. Бұл қызметтердің барлығы егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға және жаңа дағдыларды меңгеруіне бағытталған.
Соңғы уақытта орталыққа келушілер арасында ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылық айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда төрт бөлімшеде екі ауысым бойынша 180-ге жуық зейнеткер шет тілін меңгеруде. Бұл олардың жаңа білімге ұмтылысын және заманауи қоғам талаптарына бейімделуге деген ынтасын көрсетеді.
Орталық қызметі тек ғимарат ішінде өткізілетін сабақтармен шектелмейді. Апта сайын зейнеткерлер Дендросаябақта серуендеуге қатысып, таза ауада денсаулықтарын нығайтады. Сонымен қатар түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына барып, тегін қойылымдарды тамашалау да орталықтың игі дәстүрлерінің біріне айналған.
Медициналық-сауықтыру бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижелері де байқалуда. Орталық мамандарының мәліметіне сәйкес, гипертония бойынша ем қабылдаған азаматтардың 93 пайызында оң өзгеріс байқалған. Бронхит бойынша бұл көрсеткіш 95 пайызды құраса, артритпен ауыратындардың 68 пайызында денсаулық жағдайының жақсаруы тіркелген. Ал артық салмақ мәселесі бойынша қызмет алушылардың 82 пайызында оң нәтиже байқалған.
Бұл көрсеткіштер Белсенді ұзақ өмір орталығының жұмысы зейнеткерлердің денсаулығын жақсартуға ғана емес, олардың өмір сүру сапасын арттыруға да айтарлықтай ықпал етіп отырғанын көрсетеді. Орталықта қалыптасқан қолайлы орта егде жастағы азаматтардың жаңа достар тауып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта орталық қызметінің аясын кеңейту, жаңа сауықтыру бағдарламаларын енгізу және мәдени-ағартушылық жобаларды көбейту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде аға буын өкілдерінің әлеуметтік белсенділігін арттырып, олардың ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасайды.
Жалпы, Белсенді ұзақ өмір орталығы бүгінде Шымкент қаласындағы қарттарды қолдаудың тиімді үлгісіне айналып, олардың денсаулығын нығайтуға, қоғамдағы белсенділігін сақтауға және өмірге деген құлшынысын арттыруға зор үлес қосып келеді.

