Шымкент қаласында балалар денсаулығын сақтау және ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қаладағы медициналық ұйымдарда оңалту қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлініп, заманауи емдеу әдістері кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 3500-ге жуық бала оңалту емінен өтіп, қажетті медициналық көмекті алды.
Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты оңалту ұйымдары балалардың денсаулығын қалпына келтіру және олардың өмір сапасын жақсарту бағытында кешенді қызмет көрсетуде. Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары оңалту қызметтерінің сапасы айтарлықтай жақсарып, медициналық көмектің тиімділігі артқан. Соның нәтижесінде оңалтудан өткен балалардың 99,3 пайызының денсаулығында оң өзгерістер байқалып, олар үйлеріне шығарылған.
Қазіргі таңда қаладағы №1 және №2 оңалту орталықтары, «Мейірім» оңалту орталығы, сондай-ақ №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» орталығы мен Психикалық денсаулық орталығы балаларға жан-жақты медициналық және оңалту қызметтерін көрсетіп келеді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында бірқатар жекеменшік медициналық орталықтар да жұмыс жүргізуде.
Ерекше назар аударылатын бағыттардың бірі – церебральды сал ауруының спастикалық түрімен ауыратын балаларды емдеу. Бүгінде қаладағы оңалту орталықтарында ботулотоксин терапиясы (Диспорт) кеңінен қолданылып келеді. Бұрын мұндай жоғары технологиялық емді алу үшін ата-аналар балаларын Астана немесе Алматы қалаларына апаруға мәжбүр болса, қазіргі уақытта қажетті ем түрлері Шымкент қаласының өзінде қолжетімді болып отыр. Бұл ата-аналардың уақытын үнемдеуге, қосымша шығындарды азайтуға және балалардың қажетті емді уақытылы алуына мүмкіндік беруде.
Оңалту қызметтері неврология, ортопедия-травматология және кардиология бағыттары бойынша көрсетіледі. Жыл басынан бері 2273 бала тәуліктік стационар жағдайында оңалтудан өтсе, 1179 бала амбулаториялық деңгейде ем қабылдаған. Бағыттар бойынша қарастырғанда, 2405 бала неврологиялық аурулар бойынша, 775 бала ортопедия және травматология бағыты бойынша, ал 492 бала церебральды сал ауруына байланысты оңалту емін алған.
Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдау мәселесіне ерекше мән берілуде. Тек алғашқы төрт айдың өзінде оңалту қызметтерін алған балалардың 2074-і немесе 60,1 пайызы ерекше балалар санатына жатады. Бұл көрсеткіш қалада инклюзивті медициналық қызметтердің дамып келе жатқанын және ерекше қажеттілігі бар балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі екенін көрсетеді.
Оңалту шаралары тек медициналық емдеумен шектелмейді. Балаларға психологиялық қолдау, әлеуметтік бейімдеу, қозғалыс белсенділігін арттыру, сөйлеу қабілетін дамыту және күнделікті өмірге бейімдеу бағытында да кешенді жұмыстар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде балалардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Шымкент қаласында оңалту қызметтерінің ауқымын кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар балалар денсаулығын жақсартуға және олардың өмір сапасын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып қала береді.

