Полиция қызметі – жай ғана мамандық емес. Бұл – зор жауапкершілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін өмір жолы. Уақытпен санаспай, өз демалысын ұмытып, қоғамның тыныштығы үшін күн сайын еңбек ету, бейтаныс жандардың қауіпсіздігін өз қауіпсіздігінен жоғары қою – кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан мен осы жауапты саланың бір бөлшегі екенімді әрдайым мақтан тұтамын.
Қазіргі қоғам күн сайын өзгеріп келеді. Технологиялардың дамуына қарай қылмыс түрлері де күрделене түсуде. Бұрын алаяқтық көбіне көшеде жасалса, бүгінде телефон мен интернет арқылы жүзеге асырылады. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі немесе мемлекеттік орган маманы ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіреді. Әсіресе, егде жастағы адамдардың аңғалдығын пайдаланып, олардың жылдар бойы жинаған қаражатын иемденеді. Мұндай жағдайға тап болған жандардың жанайқайын есту – өте ауыр.
Кейде бір ғана телефон қоңырауы адамның бүкіл тағдырын өзгертіп жібереді. Адал еңбекпен тапқан қаражат, қарттыққа деп жиналған қор немесе балалардың болашағына арналған ақша алаяқтардың қолына түсіп жатады. Осындай сәттерде полиция қызметінің жай ғана жұмыс емес екенін терең түсінесің. Бұл – адам тағдыры үшін күрес.
Жақында аса ірі алаяқтық дерегі әшкереленді. Күдікті криптовалюта арқылы есеп айырысамын деген желеумен құны шамамен 2,5 миллион АҚШ долларын құрайтын бизнесті өз атына рәсімдеп алған. Кейін бұрынғы иесіне қоқан-лоққы жасап, ірі көлемде ақша талап еткен. Сырт көзге мұндай қылмыстар кино желісіндей көрінуі мүмкін. Алайда оның артында адамдардың маңдай тері, көп жылғы еңбегі мен сенімі тұр.
Мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Әрбір ақпарат мұқият тексеріліп, байланыстар зерттеледі, әр қадам жан-жақты сараланады. Кейде полиция қызметкерлері бірнеше тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Ұйқысыз түндер, үздіксіз жедел іс-шаралар, орасан зор жауапкершілік – мұның бәрі нәтижеге қол жеткізу үшін жасалады. Себебі әрбір ашылған қылмыстың артында қорғалған адам тағдыры бар.
Әсіресе интернет-алаяқтардың құрбаны болған қарт адамдарға көмектескен сәттер ерекше әсер қалдырады. Егде жастағы адамның көзіндегі қорқыныш пен үмітті көру оңай емес. Осындай жағдайлардың бірінде зейнеткер әйел алаяқтардың сөзіне сеніп, барлық жинағынан айырылып қала жаздаған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында 9 миллион теңге көлеміндегі ақша аударымы дер кезінде тоқтатылып, қаражат иесіне қайтарылды. Осындай сәттерде айтылған қарапайым ғана «рахмет» сөзі барлық шаршауды ұмыттырады.
Тағы бір оқиға жадымда мәңгі сақталып қалды. Алаяқтар егде жастағы әйелге құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде хабарласқан. Қатты қорыққан әйел өмір бойы жинаған барлық ақшасын қылмыскерлерге беріп қойған. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдіктілер ұсталып, жәбірленушіге 46 миллион теңге толық көлемде қайтарылды. Сол сәттегі әйелдің қуаныштан төккен көз жасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Дәл осындай кезде полиция қызметінің шынайы мәні мен маңызы терең сезіледі.
Көпшілік полиция қызметін сырттай ғана көреді. Алайда бұл мамандықтың артында қаншама еңбек, жүйке, төзім мен жауапкершілік жатқанын бәрі бірдей біле бермейді. Полиция қызметкері үшін жұмыс уақыты деген ұғым кейде болмайды. Түнгі шақыртулар, шұғыл оқиғалар, қауіпті операциялар – қызметтің ажырамас бөлігі.
Соған қарамастан, адамдардың қауіпсіздігі үшін еңбек ету – үлкен мәртебе. Себебі полиция формасын кию – жай ғана жұмысқа келу емес. Бұл – халықтың сенімін арқалау деген сөз.
Мен осы саланың бір бөлшегі екенімді мақтан тұтамын. Өйткені полиция қызметі тек қоғамдық тәртіпті күзету ғана емес. Бұл – адамдарға көмек көрсету, әділдік үшін күресу және адамның үмітін қайта ояту мүмкіндігі. Кейде дер кезінде жасалған бір әрекет біреудің өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Қоғам тыныштығы – көзге көріне бермейтін орасан зор еңбектің нәтижесі. Ал күн сайын азаматтардың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Назерке Тәжібай

