Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаппай кітап оқу мәдениетін ілгерілету жөніндегі тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатындағы «Кітап оқитын ұлт» жобасы Шымкент қаласында жоғары қарқынмен дамып келеді. Қала тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру, жастардың ой-өрісін кеңейту және оқуға деген тұрақты әдет қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
Бүгінде қала бойынша жобаға 66 000 адам қатысуда. Оның ішінде 26 099 оқушы, 18 233 студент, 6 114 педагог, 15 510 отбасы және 546 мемлекеттік қызметкер бар. Бұл көрсеткіш жобаның қалалық қауымдастық арасында кең таралып, оқырман мәдениетінің тұрақты қалыпқа еніп келе жатқанын көрсетеді.
Жоба аясында әсіресе мектеп оқушылары белсенділік танытып отыр. М.Мәметова атындағы №35 мектептің 9-сынып оқушысы Шаттық Дидар кітап оқудың оның ойлау қабілеті мен дүниетанымына әсер еткенін айтады. Оның айтуынша, оқыған әрбір туынды өмірмен байланысты терең ой салуға мүмкіндік береді. Қазір ол М. Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасын оқуда, ал бұған дейін Ш. Мұртазаның «Қара маржан» және Д. Исабековтың «Дермене» туындыларын меңгерген. Ал «Dostyq High School» білім ұйымының 10-сынып оқушысы Шаяхмет Балкерім кітап оқу оның күнделікті әдетіне айналғанын, қазіргі таңда «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегінен үлкен әсер алғанын жеткізді.
Студент жастар да жобаның ықпалын ерекше атап өтуде. Ж. Тәшенов университетінің 2-курс студенті Салтанат Азаматқызы ұсынылған әдебиеттер студенттердің рухани және жеке дамуында маңызды рөл атқаратынын айтты. Ал М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың 2-курс студенті Бекарыс Абылайханұлы кітап оқуға дағдылану ұлттың интеллектуалдық деңгейін арттыратынын, жобаның ел жаңғыруына қызмет етіп отырғанын атап өтті. Болашақ жоғары колледжінің 4-курс студенті Аружан Саримсак Дейл Карнегидің «Шешендік өнер» кітабы көпшілік алдында еркін сөйлеу мен өзіне деген сенімділікті дамытуға көмектесіп жатқанын айтты.
Жалпы алғанда, «Кітап оқитын ұлт» жобасы Шымкентте оқуға деген қызығушылықты күшейтіп, кітаптың күнделікті өмірдің бөлінбес бөлігіне айналуына ықпал етуде. Қаладағы интеллектуалды ортаның кеңеюі, отбасы, мектеп және жоғары оқу орындарындағы оқу мәдениетінің артуы – жобаның басты жетістігі.
Бастама «Amanat» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры және Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан жүзеге асырылуда. Өңірлік демеуші – «Азия Сервис» компаниясы.

