Бүгін Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласының үздік мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара қалалық әкімдік ғимаратында ұйымдастырылып, оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, әкімдік қызметкерлері және аграрлық сектордағы жетекші кәсіпкерлер қатысты. Жиын барысында министр саладағы еңбегі еленген азаматтарды құттықтап, аграрлық саланың еліміздің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлесі туралы айтып өтті.
– Мемлекет басшысы ел дамуына үлес қосып жүрген әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласындағы үздік мамандар үшін «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген мәртебелі атақ енгізілді. Бұл – адал еңбекке берілген әділ баға. Биыл агроөнеркәсіптік кешен үшін табысты жыл болды. Шымкент мегаполис болғанымен, қала аграрлық-өнеркәсіптік сектордың дамуына айтарлықтай үлес қосуда, – деді Айдарбек Сапаров.
Рәсім барысында «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағына «Шымкент құс» ЖШС бас директоры Әділ Досболов лайық деп танылды. Сонымен қатар үш үздік маманға ерекше еңбегі үшін мемлекеттік наградалар табысталды. Бірқатар агробизнес өкілдері Премьер-министрдің, Ауыл шаруашылығы министрінің және қалалық әкімдіктің марапаттарына ие болды. Бұл шара еңбекқор мамандарға деген құрметтің белгісі ғана емес, олардың кәсіби жетістіктерін дәріптеудің маңызды көрсеткіші болып отыр.
Жиын барысында қаладағы мал шаруашылығын дамытуға да ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. Қазіргі таңда өңірде маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жобалардың ішінде заманауи фермаларды салу, жем-шөп өндірісін жетілдіру, мал өнімдерін өңдеу және экспортқа шығару бағыттары қарастырылған. Бұл бастамалар Шымкенттің аграрлық секторының дамуына жаңа серпін береді және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға үлес қосады.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов өз сөзінде:
– Ауыл шаруашылығы – тек өндіріс саласы ғана емес, экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік даму кепілі. Шымкентте аграрлық секторға инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалып отыр. Біз еңбекқор мамандарға әрқашан қолдау көрсетеміз, – деді.
Марапаттау рәсімі әрбір қатысушыға ерекше әсер қалдырды. Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті, ал жас кәсіпкерлер мен фермерлер үшін бұл іс-шара шабыт көзі болды. Сонымен қатар, агросектордағы жетістіктер мен табысты жобаларды талқылауға арналған арнайы пікір алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Осылайша, Шымкент қаласында өткен марапаттау рәсімі – ауыл шаруашылығы саласының дамуын дәріптеп, еңбегі еленген азаматтарға құрмет көрсету, сонымен қатар саладағы инновациялық жобаларды қолдауға бағытталған маңызды іс-шара болды.

