Шымкентте «Alsera KZ» жылыжай кешенінің ашылуына орай алғашқы қызанақ өнімі жиналды. Бұл өңір агросекторы үшін ғана емес, бүкіл еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосатын маңызды оқиға ретінде бағалануда. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюржан, сондай-ақ басқарма төрағасы Иззет Гарих бастаған «Alarko Holding» компаниялар тобының өкілдері қатысты.
Министр Айдарбек Сапаров өзінің құттықтау сөзінде бұл жобаның жүзеге асуы стратегиялық маңызы бар ірі инвестиция екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ауқымды жоба шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімін айқын көрсетеді.
«Мұндай ынтымақтастық тәжірибе алмасуға, технологияларды терең енгізуге, өндірістің тиімділігін арттыруға және аграрлық сектордағы тауар айналымын көбейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет осы жобаның әр кезеңінде инвесторларды қолдап, инфрақұрылымдық және әкімшілік жағынан барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын», — деді министр.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы өз сөзінде жылыжай кешенінің өңір үшін экономикалық әрі әлеуметтік маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жобаның іске асуы қала тұрғындарын жылдың төрт мезгілінде сапалы, жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
«Бұл тек өндіріс көлемімен ерекшеленетін жоба емес. Бұл – ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге шығаратын, суды үнемдейтін заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік беретін бастама. Жоба еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтіп, мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға жол ашады», — деді А. Кәрімов.
Айта кетейік, құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын алып жылыжай кешенінің құрылысы өткен жылдың жазында басталған болатын. Жобаның жылдық өндірістік қуаты — 155 мың тонна өнім. Жалпы аумағы — 650 гектарды құрайды, оның алғашқы 208 гектары бірінші кезеңге енгізілген.
Жыл соңына дейін 40 гектар аумақтағы бастапқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, кешеннің өндірістік қуатын ұлғайту көзделуде. Бұл ішкі нарықты тұрақты түрде жаңа піскен қызанақпен және басқа да көкөніс түрлерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өнім экспортының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жоба іске қосылғаннан кейін бірінші кезеңде шамамен 2 мың жұмыс орны ашылады. Ал кешен толық қуатына шыққанда 5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған маңызды үлес болмақ.
Сонымен қатар, «Alsera KZ» жобасы аясында халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи зертханасы бар агроакадемиялық орталықтың құрылысы жоспарланған. Бұл орталық агросала мамандарын даярлау, жаңа технологияларды апробациялау, өндіріс процестерін ғылыми сүйемелдеу бағытында жұмыс істейді. Оқу-тәжірибелік база ретінде ол Қазақстандағы агротехнологиялық инновацияларды дамыту алаңына айналмақ.
Жылыжай кешенінің ашылуы – Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын, бизнес пен мемлекеттің тиімді әріптестігі нақты нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсететін маңызды мысал.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

