Шымкент қаласында «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасып келеді. Қаланың барлық мектептерінде полицейлер, педагогтер және психолог мамандар бірлесіп, жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында түрлі тренингтер, әңгімелесу сағаттары, семинарлар өткізіп жүр. Бұл бастамалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың мінез-құлқына оң ықпал ету тұрғысынан маңызды.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде бүгін №65 мектепте 8–11 сынып оқушылары арасында мазмұндама жазу іс-шарасы өтті. Мектептің үлкен акт залында ұйымдастырылған шараға 1200-ден астам оқушы қатысып, «Заң және тәртіп», «Қауіпсіз орта», «Тұлғаның жауапкершілігі» тақырыптары аясында өз ойларын қағаз бетіне түсірді. Мазмұндаманың мақсаты – оқушылардың құқықтары мен міндеттерін қаншалықты түсінетінін бағалау, адамгершілік құндылықтарға көзқарасын анықтау және олардың құқықтық мәдениетін дамыту.
Мектеп директоры Алмас Қайыповтың айтуынша, соңғы жылдары балалар арасында құқықтық сауаттылық деңгейі айтарлықтай артып келеді.
– «Полиция және балалар қауіпсіздігі» – бүгінгі іс-шараның негізгі өзегі. Біз ең әуелі жасөспірімдерге жауапкершілік сезімін қалыптастырғымыз келеді. Себебі кез келген қауіпсіздік адамның өзі мен қоғам алдындағы міндетін түсінуден басталады. Балалар мазмұндама барысында шығыс ойшылдарының, ғұламалардың қанатты сөздерін келтіріп, оларды қазіргі өмірмен байланыстыра алды. Солардың бірі – «Әлемді өзгерткің келсе – өзіңді өзгерт» деген даналық ой. Бұл сөз оқушылар үшін үлкен тәрбие, үлкен ой тастайды», – деді мектеп басшысы.
Мазмұндамаға қатысқан оқушылардың көпшілігі «заң» ұғымын тек тыйым салумен емес, жеке адамның құқығын қорғау механизмдерімен байланыстырды. Ал «тәртіп» ұғымын қоғамдағы тыныштық пен әділдіктің кепілі деп түсіндірген. Әсіресе 9-сынып оқушысы Көркем Дәуіттің жұмысы көптеген ұстаздардың назарын аударды. Ол өз жазбасында заңды құрметтеу әр адамның міндеті екенін, ал қауіпсіз орта тек бір-бірін сыйлайтын, ережені сақтайтын адамдардың арқасында қалыптасатынын ерекше атап өткен.
– «Тәртіп бар жерде ғана әділдік пен тыныштық болады. Әр бала өзінің әрекетімен қоғамға үлес қосуы керек. Кішкентай жақсылықтың өзі үлкен өзгерістің бастауы болуы мүмкін», – деп жазған Көркем.
Шара барысында мұғалімдер оқушылардың ойлау мәдениетінің дамып келе жатқанын, олардың құқықтық мәселелерге қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Мұндай мазмұндама жұмыстары жасөспірімдердің еркін ойлауына, өз көзқарасын дәлелдей білуіне, жауапкершілік пен құқықтық білімін арттыруына септігін тигізеді.
Айта кетейік, дәл осындай мазмұндама жазу іс-шарасы күні кеше №46 мектепте де ұйымдастырылған болатын. Ол жерде де оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, құқықтық мәдениет туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік алды. Бұл – қаланың барлық білім мекемелерінде бірізді және жоспарлы түрде жүзеге асып жатқан алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді.
Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Олар өз құқықтарын білуімен қатар, қоғам алдындағы міндетін де сезініп өседі. Ал бұл – қауіпсіз, мәдениетті, тәртіпті орта қалыптастырудың негізгі алғышарты.

