Шымкент қаласында жастардың білімін дамытуға, олардың тілдік қабілетін шыңдауға бағытталған маңызды жоба — «English for everyone» тегін ағылшын тілі курсы өз жұмысын ресми түрде бастады. Бұл бастама – қазіргі жастардың әлемдік білім кеңістігіне араласуына, халықаралық мүмкіндіктерге жол ашуына жасалған нақты қадамдардың бірі.
Жобаның жүзеге асуына «Top Generation School» директоры әрі ментор Айгерім Шерім ұйытқы болып отыр. Ол жастарға сапалы білім беру, олардың әлеуетін арттыру жолында жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан жандардың бірі. Айгерім Асқарбекқызының айтуынша, ағылшын тілін меңгеру – бүгінгі заманда әрбір жастың кәсіби және жеке дамуы үшін аса маңызды талаптардың бірі.
Курстың ашылу сабағына Республикалық «Жастар Рухы» Жастар қанатының Төрағасы Ақерке Искандерова және Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай арнайы қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды. Спикерлер өз сөздерінде жастардың білімге деген ұмтылысы қоғамның дамуы үшін негізгі қозғаушы күш екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай бастамалар жас буынға өз әлеуетін толыққанды ашуға мүмкіндік беретініне назар аударды. Алғашқы сабаққа 20-ға жуық белсенді жас қатысып, жаңа білім алуға жоғары қызығушылық танытты. Сабақ барысында қатысушылармен танысу, мотивациялық тапсырмалар және тілдік негіздер бойынша алғашқы практикалық жаттығулар жүргізілді. Жастар бір-бірімен еркін қарым-қатынас орнатып, топ ішінде белсенді пікір алмасып, оқу үдерісіне жоғары деңгейде атсалысты.
Ұйымдастырушылар бұл жобаны ұзақ мерзімді әрі жүйелі форматта өткізуді жоспарлап отыр. Сабақтар интерактивті әдістер арқылы жүргізіліп, әрбір қатысушының сөйлеу, түсіну, грамматикалық дағдыларын қалыптастыруға басымдық берілмек. Сонымен қатар, курс барысында қатысушыларға түрлі мотивациялық тренингтер, ашық сабақтар мен тәжірибелік тапсырмалар ұйымдастыру көзделуде.
— «English for everyone» жобасы – жай ғана ағылшын тілін үйрететін курс емес. Бұл – жастардың өзін-өзі дамытуына, олардың жаңа орта қалыптастырып, заманауи білімді меңгеруіне жол ашатын орта. Қатысушылар халықаралық бағдарламаларға қатысуға, шетелдік білім көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік алмақ,-дейді «Top Generation School» директоры Айгерім Шерім.
Курс жетекшілерінің айтуынша, алдағы уақытта осындай білім беру жобаларының саны көбейіп, жастарға арналған жаңа форматтағы бастамалар қолға алынбақ. Бұл – Шымкент жастары үшін жаңа серпін беретін, оларды жан-жақты дамытуға үлкен мүмкіндік.

