Шымкент қаласында өткен «Әйел кәсіпкерлердің өңірлік бизнес-форумы» – тек мерейтойлық жиын емес, қазақ әйелдерінің қоғамдағы беделін, еңбекқорлығын және табандылығын дәріптеген ерекше оқиға болды. Бұл форум еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкер әйелдердің басын қосып, тәжірибе алмасуға, бір-бірін қолдауға және ортақ мақсатқа жұмылуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік құрылым өкілдері, кәсіпкерлік саласының мамандары мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты. Жалпы қатысушылар саны 500-ден асты. Форум – пікір алмасу, жаңа идеялар мен серіктестік байланыстар орнату алаңына айналды.
Бүгінде Шымкент қаласында тіркелген кәсіпкерлердің жартысынан астамы – нәзік жандылар. Олар тек сән және сұлулық индустриясында ғана емес, өндіріс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, білім беру және әлеуметтік салада да табысты еңбек етіп келеді. Қазақ әйелдері өз іскерлігімен, жауапкершілігімен, жаңашылдығымен еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына зор үлес қосуда.
Солардың бірі – тоғыз баланың анасы, тігін шебері Ұлболсын Тілемісова. Ол «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Қазір жеті адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ұлболсынның айтуынша, қолөнер – тек табыс көзі емес, ұлттық мәдениетті сақтаудың бір жолы.
«Қазақ әйелі үшін ең бастысы – адал еңбек пен төзім. Өз кәсібімді бастаған сәтте қиындықтар болды, бірақ берілмедім. Еңбектің арқасында бала-шағаға үлгі болуға, елге пайдамды тигізуге мүмкіндік алдым», – дейді ол.
Жас кәсіпкерлердің арасында ерекше көзге түскендердің бірі – Әсел ханым. Ол қолдан жасалған хош иісті шамдар мен гипстен жасалған сәндік бұйымдарды дайындайды. Алғашында шағын тапсырыстардан бастаған кәсібі бүгінде тұрақты клиенттік базаға ие. Кәсіпкердің мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайтып, отандық өнімді шетел нарығына шығаруға үлес қосу.
Форум барысында іскер әйелдер өзара тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерді талқылады. Бизнес жүргізудің заманауи тәсілдері, маркетинг пен сату стратегиялары, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация тақырыптарында пайдалы пікірталастар өтті. Бұл алаң әйелдердің бір-бірінен үйреніп, жаңа идеяларды жүзеге асыруына жол ашты.
Ұлттық нақыштағы сән киімдерін ұсынған «Тарту» бренді де форум көрмесінде ерекше танылды. Алуа Заманова мен Рахымжан Алтынбеков жетекшілік ететін бұл жоба бүгінде отандық брендтердің үздіктері қатарына енген. Олардың қолынан шыққан тақиялар мен киім үлгілері Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Қырғызстанда да сұранысқа ие.
«Біз үшін әр бұйым – қазақ рухының бейнесі. Табиғи маталар мен дәстүрлі оюларды пайдалана отырып, ұлттық нақышты заманауи сәнмен үйлестіреміз», – дейді шеберлер.
Форумда сөз алған «ASMAR» Қазақстан кәсіпкер әйелдері қауымдастығының төрайымы Ләззат Рамазанова да қазақ әйелдерінің ел дамуындағы рөліне тоқталды.
«Қазақ әйелі – ұлттың намысы мен рухының айнасы. Олар отбасында береке орнатып қана қоймай, ел экономикасының жаңа келбетін қалыптастыруда. Біз іскер әйелдерге білім, тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер ұсыну арқылы олардың әлеуетін арттыра береміз», – деді ол.
Бұл форум – әйелдердің еңбегін дәріптеудің, жетістігін мойындаудың және жаңа бастамаларға жол ашудың айқын дәлелі. Қазақ әйелдері – отбасының тірегі ғана емес, елдің үміті, экономиканың қозғаушы күші. Олар тігін цехында да, зауытта да, кеңседе де табандылықпен еңбек етіп жүр. Бірі – қолөнерді дамытса, бірі – отандық бренд қалыптастырып, әлемдік нарыққа жол ашып отыр.
Осындай кездесулер әйелдердің ынтымағын күшейтіп қана қоймай, жаңа серіктестік пен ортақ жобалардың басталуына түрткі болады. Шымкент қаласындағы форум соның нақты дәлелі.
Қазақ әйелінің еңбегі мен ерік-жігері ел болашағына сенім ұялатады. Өйткені әйелдің қолында – ұлттың рухы, елдің ертеңі.

