Республика күні – қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатын, ел рухын асқақтатып, тәуелсіздік идеясын ұлықтайтын ұлы мереке. Бұл күн – ғасырлар бойы бодандық бұғауында болған елдің азаттыққа ұмтылған ұлы арманының жүзеге асқан сәті, тағдыр талқысында шыңдалған халықтың жеңісі.
1990 жылғы 25 қазан – ел тарихындағы ең елеулі күндердің бірі. Дәл осы күні қабылданған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларация» қазақ халқының өз тағдырын өзі айқындауға деген мәңгілік құқығын бекітті. Бұл құжат – Тәуелсіздіктің саяси және рухани бастауы, жаңа дәуірдің есігін ашқан ұлы тарихи шешім.
Сол сәттен бастап елдің кеудесін үміт пен сенім кернеді. «Біз өз тағдырымыздың иесіміз!» деген ұран халықтың жүрегінде жаңғырып, ұлт рухын көтерді. Бұл — ата-бабамыз аңсаған, аналарымыз армандаған қасиетті күн еді. Талай зұлматты артта қалдырған, еркіндік үшін қаншама боздақтың жанын пида еткен ұлттың жүрегіне бұл күн нұр мен жігер сыйлады.
Егемендік — тек саяси ұғым емес, ол — рухтың азаттығы. Ол – елдің өз тілі мен мәдениетін, дәстүрі мен дінін еркін дамытуға деген құқығы. Егемендік – елтаңба мен тудың ғана нышаны емес, ол – әр қазақтың жүрегіндегі намыс пен сенімнің көрінісі. Сол сенім мен намыс біздің мемлекетімізді мәңгілік етуге негіз болмақ.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан сан түрлі сыннан сүрінбей өтті. Қиындық пен дағдарысты еңсеріп, әлем мойындаған бейбіт, тұрақты елге айналды. Еліміздің әрбір жетістігі — азаттықтың жемісі. Бүгінгі таңда қазақ жастары ғылым мен білімде, мәдениет пен өнерде, спорт пен инновацияда елдің атын әлемге танытып жүр. Бұл – егемендіктің қуаты, азат ойдың жеңісі.
Республика – жай ғана мемлекеттік құрылым емес. Ол – халықтың ерік-жігерінің, елдік ұстанымының көрінісі. Республика – әділет пен жауапкершілік, теңдік пен бірлік қағидаттарына негізделген халықтық билік. Егер біз осы құндылықтарды сақтап, ұрпаққа сіңіре білсек, еліміздің ертеңі жарқын болмақ.
Бұл мереке – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, болашаққа сенімнің мерекесі. Республика күні бізге тәуелсіздіктің қадірін ұқтырып, ұлттың бірлігі мен тұтастығын дәріптейді. Бұл күн – елдің еңсесін тіктеп, рухын биіктететін ерекше символ.
Бізге Азаттықтың ақ таңы бұйырды. Бұл – Тәңірдің ең ұлы сыйы. Сол сыйды сақтау – әр азаматтың парызы. Ендеше, тәуелсіздіктің туы әрдайым биік желбіресін, ел еңсесі ешқашан еңкеймесін!
Барша қазақстандықтарды ұлы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр шаңырақта шаттықтың шырағы сөнбей, сәбилер күлкісі мен бейбіт таңның нұры төгілсін. Бірлігіміз бекем, рухымыз асқақ, елдігіміз еңселі болғай!
Айтыскер-ақын,
Нұрлан ЕСЕНҚҰЛОВ

